Бүгін ғаламдық дертке айналған дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні. Аталмыш дерт Қазақстанды да айналып өтпегені белгілі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде мыңдаған адам АҚТҚ (ВИЧ) ауруына шалдыққан. Олардың ішінде дүниеге енді келген нәрестелерден бастап, егде жастағы адамдарға дейін бар.
СПИД ғаламдық дерт екендігі сөзсіз. Онымен күресу мемлекеттік деңгейде жүруі тиіс екендігі айтпаса да түсінікті. Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі аталмыш дертпен қаншалықты күресіп келеді? Қазіргі таңда елімізде АҚТҚ (ВИЧ) ауруын жұқтырғандардың саны қанша? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін бізге 2006 жылға қайтып оралуға тура келеді. Себебі дәл осы жылы СПИД дерті Қазақстан атын әлемге шығарды десек артық айтпаймыз. Естеріңізде болса, 2006 жылы Шымкент қаласында дәрігерлердің салғырттығы салдарынан 150 бала АҚТҚ (ВИЧ) ауруын жұқтырған болатын. Осыдан кейін BBC News сайты Шымкент қаласындағы жағдайларға байланысты зерттеу жүргізген. Зерттеу барысында АҚТҚ ауруын жұқтырған 10 баланың көз жұмғандығы және 150 баланың барлығы дертті ауруханада қан тапсыру кезінде жұқтырғандығы анықталған. Бұдан бөлек әлемдік басылымдар Шымкент қаласы дәрігерлерінің Өзбекстаннан арзан қан алып, Қазақстанға әкеліп 4 есе қымбат бағаға сатқандықтары жайында жазған. Оңтүстік Қазақстандағы СПИД дауы халықаралық деңгейге шығып бара жатқаннан кейін бұл іске ресми Астананың өзі араласқан. Осыдан кейін АҚТҚ дертін жұқтырған әр балаға 10 мың долларлық бір реттік көмек және 18 жасқа толғанша айына 160 доллардан 225 долларға дейін көмек берілетін болған. Бұл әрине Қазақстанның бір облысында ғана болған жағдай. Енді жалпы ел бойынша қанша адам аталмыш дертпен ауыратынына тоқталсақ.
Қазақстан бойынша, 2015 жылдың 11 айында АҚТҚ (ВИЧ) жұқтырған 2171 адам тіркелген. Олардың басым көпшілігі Шығыс Қазақстан, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарында. СПИД жұқтырғандардың 66,9 пайызы 20-39 жас аралығындағы азаматтар. 2017 жылдың жарты жылдығында ел бойынша, АҚТҚ (ВИЧ) жұқтырғандардың саны 1430 адамды құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. СПИД жұқтырғандарының басым көпшілігі Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.
Қазіргі таңда Қазақстан бойынша, 19183 АҚТҚ (ВИЧ) жұқтырған адам тіркелген. Олардың 393-і 14 жасқа дейінгі балалар. Балалар арасында СПИД жұқтырғандардың басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Олардың жалпы саны 229 бала.