Мен саммит барысында Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу өткізіп, келіссөз жүргіземін – деп мәлімдеді Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков журналистер алдында сөйлеген сөзінде.
Қараша айының 29-ы күні Ресей астанасы Мәскеу қаласына өзінің алғашқы ресми іс-сапарын жасаған Сооронбай Жээнбеков жергілікті БАҚ өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде: «Ресей біздің басты стратегиялық серіктесіміз. Мен аса құрметті Владимир Владимирович Путинге шақырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Біз кездесу барысында екі ел арасындағы әріптестік жайында, Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірлесіп жұмыс істеу жайында сөйлестік. Маған Владимир Путинге бірінші дәрежелі Манас орденін табыстау мәртебесі бұйырды. Мен Ресей тарапы бізді жылы қабылдағанына өте қуаныштымын» -деген.
Бұдан бөлек Сооронбай Жээнбеков журналистердің: «Сіз Минск қаласында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік келісімі саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесесіз бе?» деген сұрағына: «Мен саммит барысында барлық елдің басшыларымен кездесемін. Нұрсұлтан Әбішұлыменде кездесу өткізіп, келіссөз жүргіземін» - деп жауап берген.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Қырғызстан президент әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің басшысы Айзада Субақожаева: «Минск қаласында Сооронбай Жээнбеков Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеспейді» деп мәлімдеген болатын.