Парламент мәжілісі ҚР Жер қатынастарын реттеу бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады – деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың сөзінше, жаңа заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды қадағалау шаралары, шекара сызығында орналасқан жерлерді беруге және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетел азаматымен немесе азаматтығы жоқ адаммен некеге тұрған Қазақстан азаматына, шетелдік заңды тұлғаларға және құрамында шетел азаматы бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер беруге тыйым салу қарастырылған.
Министрдің айтуына қарағанда, шекара сызығы бойынша орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері пайдалануға да, жеке меншікке де берілмейді. Және осыдан былай әкімдіктер ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жалға беру конкурсына қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың келісімі бойынша ғана қатыса алады.
Естеріңізге салайық, 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жер туралы заңға өзгертулер енгізілген. Бұл қоғамда қызу талқыланып, 2016 жылы Қазақстан бойынша митингіге ұласқан болатын. Осыдан кейін Атырауда жер митингісін ұйымдастырған Талғат Аян мен Макс Боқаев «жалған ақпарат таратты», «митинг өткізу тәртібін бұзды» және «араздық тудырды» деген айыптар бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға сотталған.