Ресей Федерациясының білім министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасы бойынша, Татарстан мектептерінде татар тілін оқу міндетті емес.
Татарстан Бас прокуроры Жұлдыз Нафиковтың сөзінше, РФ Білім министрлігі Татарстан үкіметінің ұсынысымен жаңа заң жобасын жасаған. Жаңа заң жобасы бойынша, осыдан былай барлық балалар ата-аналарының жазбаша рұқсатымен ерікті түрде татар тілін аптасына екі сағат оқуға құқылы. Білім министрлігінің бұндай шешім шығаруына осы уақытқа дейін орта мектептерде оқушыларға білім алу таңдауы жасалмағандығы себеп болған.
Бұған дейін Татарстан қоғамында татар тілін орта мектептерде міндетті түрде оқытуға байланысты қызу пікір талас жүрген болатын. Осыдан кейін ел президенті Рустам Минниханов пен білім және ғылым министрлігі өкілдері: «Жаңа оқу стандарттары қабылданғанан кейін, татар тілін бастауыш және орта мектептерде оқыту міндетті болып қала береді. Бірақ татар тілін оқытуға аптасына екі сағат қана уақыт бөлінеді. Ал бала жоғары сыныптарға көшкенде татар тілін оқу оқушының ата-анасының таңдауына беріледі» - деп мәлімдеген.
Қазіргі таңда Татарстанда тіл мәселесі өте қиын жағдайда. Өйткені өзінің ана тілінде сөйлейтін татарлардың саны жыл өткен сайын азайып барады. Айта кететін бір жайт, Қазақстан латын әліпбиіне көшеді деген ақпарат тарағанда өзге елдермен қатар Татарстанда бұл жаңалықты қызу талқылаған. Себебі татар халқының ойынша, Қазақстан латын әліпбиіне көшетін болса, онда екі ел арасындағы рухани және мәдени байланыс үзіліп қалуы мүмкін.