Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкі «Іскер аруларға арналған тәлімгерлік» бағдарламасының тоғыз айдағы нәтижесін жариялады. Бағдарламаға тәлімгерлер мен шәкірттерді қоса алғанда 28 жұп қатысқан.
Осы жылдың ақпан айынан қазан айына дейін Қазақстанда бизнес жүргізу бойынша жан-жақты тәжірибесі бар табысты кәсіпкерлер аймақтарда бизнесін жаңадан жүргізіп жатқан кәсіпкер аруларға кәсіби және жеке құзіретін
жетілдіруге және іскер байланыстарды кеңейтуге көмектескен.
Бағдарламаға қатысушылардың сауалнамасы бойынша тәлімгерлердің 87%-ы мен шәкірттердің 89%-ы бағдарлама басында алған қойған мақсаттарына толықтай немесе жекелей қол жеткізген.
Бағдарлама қатысқан тәлімгерлердің бірі, бизнес-тренер Ғани Абадан бизнес бастаған әйелдердің кемінде онының тоғызы оны аяғына дейін жеткізетінін айтады.
"Әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау трендке айналды. Ер адамдар бизнеспен айналысу туралы ұзақ ойланбайды, тез шешім қабылдайды. Олар үшін бизнес бастауда қауіп деңгейі төмен. Сондықтан бізге бір жобаны ұсынғанда оны бірден бастап келеміз. Ал әйелдер ұзақ ойланады. Мысалы ер адам бір бизнесті бастаса бір жылдан кейін одан айнып қалуы мүмкін. Ал әйелдер бір бизнесті бастаса, кемінде онының тоғызы аяғына дейін жеткізеді. Осы себептен мен әйелдер кәсібіне көңіл бөліну керек деп ойлаймын", - дейді бизнес-тренер Ғани Абадан.
Ал бағдарламаға қатысушы шәкірт «Азайа» тігін компаниясының директоры Айнұр Бақтығалиева жобаға қатысқаннан кейін Ақтөбе қаласында жұмыссыз жүрген әйелдерге арналаған оқу орталығының ашылғанын айтады. Айнұр Бақтығалиеваға тәуелсіз сарапшы Жанат Бердалина тәлімгер болған.
"Біз бұл жобаға қатыспай тұрып, компания өзінің белгілі бір дәрежесіне жеткендей көрінді. Ары қарай "қалай дамимыз, не істейміз? Тағы бір жұмыс орнын ашқан соң ары қарай өнімді бола ма?" деген сұрақ туындады. Өйткені біздің салада бәсеке жоғары. Киімдер көрші елдерден де келіп жатыр. Осыдан кейін біз жобаға қатысу арқылы Жанат Қоланқызының ұсынысымен оқу орталығын ашуды жөн көрдік. Содан осы жылдың қыркүйек айында оқу орталығы ашылды. Онда Ақтөбе қаласындағы жұмыссыз әйелдерді жинап, үш айлық тегін курсты оқытып жатырмыз", - дейді Айнұр Қайсарқызы.
Жалпы ЕҚДБ-ның «Бизнестегі арулар» бағдарламасы 2015 жылы қараша айында іске қосылған. Бағдарламаны Қазақстан Республикасының үкіметі және ЕҚДБ қаржыландырады. Қаржымен қоса ЕҚДБ шағын және
орта бизнеске өндірісті және бәсекелестікті арттыруға бағытталған заманауи басқару тәжірибесін және технологиясын енгізуге ноу-хау алуға мүмкіндік береді.