Қазақстанда экономика өсімі 2017 жылы 3,8%-ға, 2018 жылы 3,5%-ға өсуі мүмкін. Мұндай болжамды Еуропалық қайта құру және даму банкі жасап отыр.
Банктің ақпаратына қарағанда, мұндай болжамның жасалуы мұнай өндірісінің артуымен және бағаның қалыпты болуымен, нақты кірістің қайта қалпына келуімен, сондай-ақ, құрылыс саласының, ауыл шаруашылығының жандануымен байланысты.
Айта кетейік, ЕҚДБ осы жылдың мамыр айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,4% деңгейінде болады деп болжаған. Дегенмен банк инфляция 6-8% деңгейінде сақталады деп отыр.
"ЕҚДБ экспорттың өсуіне, инвестицияларды қалпына келтіруге және шикізат бағасының нығаюына байланысты 2017 жылғы экономикалық өсім болжамын қайта қарады. Ал бұл жағдайдың қайта қалпына келуіне ықпал етеді. ЕҚДБ осы жылғы экономиканың өсу қарқынын 3,3% деңгейінде болжап отыр, бұл осы жылдың мамыр айында жарияланған болжамнан 0,9%-ға, 2016 жылғыдан 1,9%-ға жоғары", - делінген банк хабарламасында.
Айта кетейік, бұдан бұрын ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев дағдарыстан кейін Қазақстан экономикасының жекелеген секторларында өсім байқала бастағанын айтқан еді. Оның сөзінше, енді 2021 жылға қарай мемлекеттің экономикалық өсімі 5,5%-ға жетуі керек.