"Эйр Астана" әуе компаниясында ұшқыштар, инженерлер, механиктер, бортсеріктер және жолаушыларға қызмет көрсететін агенттер тапшы.Осыған байланысты компания Қазақстан бойынша үміткерлерді іріктеу, жұмысқа алу және дайындау мақсатында «Арманыңды іске асыр» науқанын бастады. Бұл туралы "Эйр Астана" АҚ президенті Питер Фостер мәлімдеді.
Қазіргі уақытта әуе компания штатында 5000 адам бар. Ал жаңа қызметкерлерді қызметке алу - алдағы он жылда флотты 31 әуе лайнерінен 64-ке дейін көбейту мақсатымен байланысты болып отыр. 2020 жылға дейін штатты 11%-ға көбейту жоспарланған.
"Қазақстанда 18 млн ғана халық бар. Ал бұл әуе компанияның халықаралық деңгейдегі амбицияларын қолдауда тым кішкентай нарық. Алайда Қазақстанның артықшылығы сол әлемнің ірі нарықтарына - Қытайға, Үндістанға, Ресейге және жақын шетелдерге жақын орналасқандығында. Сондықтан нәтиже осы нарықтағы сәтті бастамалармен байланысты. Ал оны одан әрі дамыту үшін алдымен білікті мамандар қажет", - деді ол Алматыда өткен баспасөз конференциясында.
Оның сөзінше, компания қажетті ұшқыш мамандарды ab-initio бағдарламасы бойынша Испания мен Ирландияда, ал бортсеріктерді Германияда, Ұлыбританияда және Қазақстанда дайындайды екен.
"Біз 2018 жылдан бастап Астана қаласындағы өзіміздің инженерлік-техникалық орталығымызда авиатехниктерді оқытуды бастаймыз. Осылайша, біз қызметкерлердің жетіспеушілігін толтырып қана қоймай, қазақстандық жастар мен беделді мамандарды тәрбиелеу арқылы өзіміздің әлеуметтік жауапкершілігімізді көрсетеміз», - деді Питер Фостер.
Бұдан бөлек авиацияға қажет мамандардың бірі бортсеріктер болып отыр. Компанияның мәліметінше, қазіргі кезде әуе компанияда 1120 бортсерік қызмет атқарады екен. Ал оларға қойылатын талаптар мынадай: 3 тіл білетін (қазақ, орыс және ағылшын тілі - ред.), төтенше немесе дағдарыс жағдайында жұмыс істей алатын үміткерлер болуы керек. Бұдан бөлек әуе компанияның президенті мамандардың денсаулығына да нақты талаптар қойылатынын атап өтті.
Ал "Эйр Астана"-ның қызметкерлерді басқару және әкімшілік мәселелер жөніндегі вице-президенті Евгения Ни болса әуе компанияға жұмысқа келгендерді оқыту толығымен компания есебінен болатынын атап өтті.
"Оқыту толығымен әуекомпания есебінен жүзеге асырылады. Оқуды бітірген үміткерлерге халықаралық сертификаттар мен лицензиялар беріледі. Ал "Эйр Астана" әуекомпаниясындағы барлық емтихандардан сәтті өткеннен кейін жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі. Біз мектеп оқушылары мен студенттерді және ата-аналарды авиациялық мамандықтарға назар аударуын сұраймыз", - деді ол.