АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның Үндістанға сапары кезінде АҚШ пен Үндістан екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және басқа елдердің террористтерге қарсы күресіне қолдау беруге уағдаласты. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлады.
Үндістан Сыртқы істер министрі Сушма Сварадж АҚШ пен Үндістан бірлесе отырып Ауғанстанмен аймақтық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған келіссөздер жүргізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Сонымен бірге Құрама Штат пен Үндістан тараптары Пәкістанның ел территориясында террористерге баспана беруін шұғыл түрде тоқтатуға күш салуға келіскен.
АҚШ пен Үндістан тараптарының мәліметіне сенсек, Пәкістан жақ Ауғанстан және өзге де көршілес елдерге шабуыл жасап отырған террорлық топтардың паналауына орын беріп, олардың террористік әрекеттеріне қолдау беріп отыр. Алайда, бұл айтылғандарды Пәкістан үкіметі жоққа шығарған болатын.
Сәрсенбі күні өткен келіссөздерде Үнді мұхитының су алабын қорғауда Үндістанның рөлін барынша арттыруды, бұл үшін аталған елге озық әскери қару-жарақ беру туралы талқы болған. Оған қоса, Үндістанның Жапония секілді Азиялық одақтас елдермен болған қарым-қатынасын тіпті де нығайта түсу тақырыптары сөз болған.