Ауғанстанның Президенті Ашраф Ғани ВВС ақпараттық агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Талибандарға қарсы күрестің болашағы туралы әңгімелеп, елдің алдында тұрған негізге міндеттер мен қатерлерді санамалап берді.
Ашраф Ғани өз әңгімесін "Әлемдегі ең жаман жұмыс -менің еншімде" деуден бастады. Ауғаныстан Президентінің олай деуіне әбден негіз бар. Қазір 16 жылдан бері соғыс алаңына айналған мемлекеттің алдында көптеген сын-қатерлер мен бірінші кезекте шешуді қажет ететін міндеттер тұр. Олардың ең маңыздысы - қауіпсіздік. НАТО әскері Ауғанстан жерінен кеткелі 3 жыл уақыттың ішінде Талибандықтарға қарсы соғысты ел әскері өзі жүргізіп келеді. Ауғанстанда қалған 14 мыңға жуық НАТО әскері оларды соғыс тәртібіне үйретумен, оқытумен, қолдау көрсетумен айналысады. Ашраф Ғани бұл туралы: "Бұл 12 жасар баланың мойнына 30 жастағы ер азаматтың міндеті жүктелгенге ұқсайды. Дегенмен бұл бізді қатайтып, ерте есейтті" , - дейді.
Көптеген әскери сарапшылар Ауғанстанның талибандықтарға қарсы өзі жеке дара жүргізген күресіне небәрі 3 жыл болғанын және бұл нәтиже күтуге ерте кезең екенін айтады. Ашраф Ғани алдағы төрт жылдан кейін НАТО-ның қолдауын қажет етпейтін деңгейге көтерілетініне сенеді. Ол Талибандықтардың Үкіметті құлатып, елді қайтадан бөліске салу туралы ойлары жүзеге аспағанын алға тартады. Дегенмен АҚШ-тың келтірген деректеріне қарағанда, қазір Ауғанстан билігінің қол астына қарайтын аумақ барлық территорияның үштен екі бөлігінен де аз. Сонымен қатар өткен жылы Ауғанстан әскері өз қуатының 10 пайызын жоғалтты. Бұл 7 мың әскердің соғыс алаңында жан тапсырып, тағы 12 мың азаматтың жарақат алуымен байланысты.
Ашраф Ғани Батыс елдері Ауғанстандағы қақтығыстың мәнін түсінбейді деп есептейді. "Бізде барлығы ойлағандай азаматтық соғыс емес, есірткіге қарсы соғыс", - дейді ол. "Талибандықтар әлемдегі нашаның ең ірі экспортерлары. Барлық әлем бұл мәселеге көз жұма қарап отыр", - деп қынжылған Ауғанстан Президенті өзінің соңғы мақсаты Талибандықтармен келісімге келу екенін айтады. Ашраф Ғани: "Жемқорлыққа қарсы тұру үшін онымен өзің айналыспауың қажет және оны жеңуге мықтап бел байлау керек. Ауғаныстандағы ең дәулетті адамдардың бірі және менің білікті генералым - абақтыда", - дейді.