1-2 қазан күндері Қытай орталық қаласы Бейжіңдегі Орталық Ұлттар Университетінде, Қытайдағы қазақ жастарының дәстүрлі «Ұштас» (Ushtas) футбол жарысы болып өтті. Аталған жарыс осымен 15-ші рет өткізіліп отыр.
«Ұштас» футбол кубогының тарихы 90-шы жылдардың бас шенінен басталған. Алғаш рет Бейжіңдегі студент қазақ жастарының ұйымдастыруымен өткізілген. Атында айтылғанындай қазақ жастарының «ұштасу» тілегінен туындаған. Қазіргі кезде аталған жарыс Орталық Ұлттар Университетінің Қазақ тілі факультетінің бітіруші түлектерінің ұйымдастыруымен өтіп келеді.
Әр жылы 1 қазан Қытайдағы республика күніне орай бір апталық демалыста, Қытайдың әрбір қалаларындағы қазақ жастары орталық қаласы Бейжіңге жиналып, «Ұштас»-та ұштасып жатады. Жарыс жылдан жылға жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Бірнеше жылдан бері ашылу салтанаты ретінде «Ұштас концерттік кеші» өтеді. Жоғары өредегі, кәсіби өнерпаздар да қатысатын концертті студенттер дайындайды.
Биылғы жарыста Қытайдың әр жерінен 32 команда қатысып, екі күнге жалғасқан шағын футболдың додасы 2 қазан күні кеште өз мәресіне жеткен. Жарыс жеңімпаздар арасында үшінші орын Қытайда білім алып жатқан қазақстандық студенттерден құралған «Мұнайшылар» командасына берілді. Екінші орын «Ақ орда» командасына, бірінші орын Шынжаңның Алтай аймағынан барып қатысқан «Өр-Алтай» командасына бұйырған. Қытайдағы қазақ жастарының ұштасуына, мәдени өмірлерінің жандануына үлкен себепкер болған «Ұштас» футбол турнирінің әр кезеңіне сәттілік тілейміз!