Францияның астанасы Париж қаласының солтүстік батыс бөлігіндегі Елисей жазығы - елдегі байлық пен кедейліктің көрінісі қатар ұштасатын орындардың бірі. Келісім алаңы мен Триумфальды арка аралығындағы екі километрлік көшеге жыл сайын миллиондаған туристер келеді. Өткен жылы жаңа жыл қарсаңында мұнда 500 мың турист тіркелсе, 2016 жылы Францияның әлеуметтік таптардың қайшылығы анық байқалатын атақты алаңын 36,5 млн адам тамашалаған.
Елисей жазығында орналасқан қымбат дүкендер мен мейрамханалардың алдында, көше бойында үйсіз қалған адамдардың жерде отырғанын, ұйықтап жатқанын не тамақтанып отырғанын көруге болады. The Fondation Abbé Pierre қоғамының жылдық есебінде 2017 жылы 4 млн адам "үйсіз қалған" деп көрсетілсе, Францияның Статистика комитеті бір ғана Париждің өзінде 140 мың адамның баспанасы жоқ екенін хабарлайды.
Францияда қайыршылық 1994 жылдан бері заңдастырылған, бірақ бірнеше талабы бар: жас балаларды қолдануға болмайды, қоғамдық тәртіпті бұзуға тыйым салынады, көшеден өткендерден сұралатын көмек агрессивті формада болмауы керек.
Мұнда қайыршы болып жүрген адамдардың жас аралығы 25-60 жас. Бірқатары көшеде тұрса, екіншілері үйсіз қалған жандарға арналған әлеуметтік орталықтарды мекендейді. Бәріне ортақ бір дүние - күнін күнге әзер жалғайтын төменгі дәрежедегі әлеуметтік жағдай. Қайыршылардың негізгі құрамы - Францияны 600 жылдан бері мекендеп келе жатқан "Рома" тобы (романдар, сығандар, т.б). Бұл елде азшылық топқа кіретін сығандар көп жылдар бойы дискриминацияға ұшырап келген. Өткен жылы Франция Үкіметі 10 мың сығанды елден күшпен шығарып жіберген болатын.