2017 жылдың 1 қазанынан бастап Өзбекстан Қазақстанда шығарылған және осы елден жеткізілетін транспорт түрлеріне акциздік салық мөлшерлемесін төмендетеді. Бұл туралы Өзбекстан заңдарының ұлттық мәліметтер базасында жарияланған.
«Өзбекстанның сыртқы экономикалық қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сәйкес, акциз ставкасы кедендік құннан 2%-ға дейін төмендетілді. Бұл құжатқа Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев 2017 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойған.
Ал бұдан бұрын қазақстандық автоөндірушілер ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке "Өзбекстанмен арадағы көлік тасымалы шарттарын теңестіріп беру туралы" өтініш айтқан. Олардың сөзінше, 1996 жылдан бері өзбек автоөндірушілері Қазақстан нарығына 720 млн долларға 85 мың көлік экспорттаған. Ал осы уақыт аралығында Өзбекстанның акциз мөлшерлемелері жоғары болғандықтан қазақстандық көліктер аталған елге жіберілмеген.
Айта кетейік, соңғы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан жаңа қарым-қатынастар орната бастады. Осындай экономикалық-саяси өзгерістер көптеген шетелдік сарапшылар мен батыс мемлекеттерінің "Орталық Азияда Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшы болуға бақталас болып келеді" деген пікірін жоққа шығарды.