Бұл апта халықаралық жағдайдың елеулі бірнеше оқиғасымен есте қалды деуге болады. Қазір әлемде болып жатқан, Күрд автономиясының тәуелсіздік референдум ісі, АҚШ-Солтүстік Корея шиеленісі, Ресей-АҚШ арасындағы теке-тірес, Үндістан-Пәкістан қақтығысы қатарлы істер бұдан бұрынғы апталардағыдай өзінің өзектілігін сақтап тұрды деуге болады. Сонымен аталған және өзге де оқиғалардың тізбегіне жеке-жеке тоқтала кетейік.
Өткен аптаның басы Ирак күрдтерінің тәуелсіздік рефрендумын өткізуімен басталды. Аптаның алғашқы күні Күрд Автономиясының билігі Ирак үкіметінің және өзге көршілес елдердің қарсылығына қарамастан тәуелсіздік конференциясын өткізді. Бұл референдумға Түркия президенті қарсы пікірін арт-артынан жолдады. Ол «Күрдістан тәуелсіздік жариялайтын болса, онда аймақтағы тұрғындар аш қалатын болды» деп те қорқытты. Алайда, Ердоған билігімен Күрдістан арасында берік қарым-қатынастың бар екені белгілі. Түркия билігінің өзімен тығыз байланыстағы күрд автономиясының тәуелсіздігін қолдамауына басты себеп ретінде, Түркия территориясында жасайтын күрдтердің қарсылығының күшеюінен алаңдайтынын айтуға болады.
Талайдан бері келе жатқан Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың барған сайын салқындауы, осы аптада шырқау шыңына жетті деуге болады. Себебі, 34 ел қол қойған «Ашық кеңістік шарты» екі ел арасындағы қырғи-қабақ қатынастың салқынынан бүлінді. Ресей Балтық теңізі жағалауындағы әуе базаларының кеңістігіне шарлаушы ұшақтардың кіруін шектеді. Бұған жауап ретінде АҚШ тарабы да Аляска мен АҚШ-тың ішкі территориясына Ресей шарлаушы ұшақтарын кіргізбейтін болып шешті. Бұл аталған «Ашық кеңістік шартының» бұзылуы болып табылады. Сонымен бірге халықаралық сарапшылар осы істі екі ел қайшылығының ең шарықтау шегі деп санады.
Аталған АҚШ-Ресей қайшылығымен бірге, Ресей мен НАТО арасындағы теке-тіресте осы аптада өзінің сериалын жалғастырды. Айталық, Ресей мен Беларусь бірлескен «Батыс-2017» әскери жаттығуына жауап ретінде, Швеция ел тарихында болып көрмеген әскери оқу-жаттығу өткізді. Бұл ӘОЖ-ға НАТО мүшелері қолдау білдірді. АҚШ пен Франция да әскер қатыстырды. Соларды қамтығанда жалпы жаттығуға 20 мыңнан аса әскер қатысқаны анық болды. Швецияда болып өткен жаттығу кеше ғана ақырласты. Бұл НАТО күштері мен Ресей армиясы арасындағы жауаптасу деп санауға әбден болады.
Ал, Корей түбегі мәселесі осы аптада да өзінің ең шиеленісті мәселе ретінде рейтингін сақтап қалды. Өткен аптадағы Трамп пен Ким Жоң Уннің (Ким Чен Ын) айыптау сөздерімен жауаптасуынан кейін, АҚШ күшті әскери әрекеттермен қатар Солтүстік Кореяны жан-жақтан қыспаққа алып, КХДР-ға шығар жол қалдырмауға тырысты. Бұл үшін Құрама Штаттың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Қытайға сапарлай барды. Сол арқылы АҚШ Корей түбегі мәселесінде Қытайды көбірек пайдаланып, маңызды дипломатиялық нысанада ұстайтынын аңғартты.
Қытай болса БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімін көзде ұстай отырып, Солтүстік Кореяға бағытталған қысымдарын бастап кетті. Алдымен, Солтүстік Кореяның Қытайдағы серіктестік жұмыс орындарын жапты. Ал, осы аптада ресми Бейжің жақ, КХДР-ға экспортталатын мұнайды қысқартты. Сонымен бірге өзіне түстік корей жұртынан кіретін тауарларға да шектеу қоя бастады. Қытай Солтүстік Кореяның сауда саттық істерінің жартысынан көбін иелейді. Сондықтан шекаралас қытай жұртының салған санкциясы КХДР-ға бәрінен ауыр тиері анық болып отыр.
АҚШ тарабынан бастау алған санкцияларға, дипломатиялық, әскери қысымдарға жауап ретінде Иран орталық қаласында әскери парад өткізді. Иран АҚШ-тың Орта-Шығыстағы саясатын әркезде де өздеріне қарсы бағыт деп қарап келеді. 2015 жылы жасасқан Иран ядролық келісімін толық орындағанын алға тартқан Иран, өзіне үстеме санкцияларды қабылдай алмайтынын жеткізді. Бұл үшін олар баллистикалық зымырандарды жалғасты дамытуға ниет білдіріп отыр. Жалпы АҚШ пен Иран қайшылығы өңір тыныштығына үлкен кері әсерін тигізіп отыр.
Ал, Оңтүстік Азиядағы ең үлкен қайшылық саналатын Үндістан мен Пәкістан арасындағы қайшылық бұл аптада өзінің дүмпуін танытты. Өткен аптада Пәкістан жақ батыл әрекеттерге барып, өзінің ядролық арсеналын жаңартатынын жеткізген. Алайда, бұл апта Үндістан армиясының қадамы одан да батыл күйге жетті. Үндістан армиясы өзінің ең сұрыпталған 10-шы атқыштар дивизиясымен бірге 100 Т72 танктері мен 10 дана брондалған әскери көліктерін таластағы Кашмир шекарасына жеткізді. Бұл Үндістан тарабының көршілес Пәкістанның барлық әскери әрекетіне дайын екенін аңғартты.