Ресей президенті Владимир Путин Анкараға ресми іс-сапармен барады – деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Владимир Путиннің Анкараға жасағалы отырған бұл жолғы іс-сапарының ең басты мақсаты - Сүрия мәселесі бойынша Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөз жүргізу. Бұдан бөлек екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және аймақ қауіпсіздігі мәселелері бойыншада әңгіме қозғайтын болады.
Бұған дейін Владимир Путинмен кездесу жайында Режеп Тайып Ердоғанда айтқан. Ол АҚШ-та өткен бизнес-форумда сөйлеген сөзінде: «Бейсенбі күні біз Ресей президенті Владимир Путинмен Сүрияның Идлиб провинциясындағы жағдайларға байланысты келіссөздер өткізетін боламыз» - деп мәлімдеген.
Естеріңізге салайық, Сүрия мен Ирактағы жағдай Ирак Күрдістаны тәуелсіздігін жариялауға байланысты референдум өткізгенен кейін тіптен ушыққан болатын. Түркия, Иран, Ирак және Сүрия елдерінің сөзінше, Күрдістанның тәуелсіздік алуы аймақта "Ислам мемлекеті" сынды террорлық ұйымдардан кейінгі екінші бір соғыс өртін тұтандыруы мүмкін. Ирак Күрдістанының тәуелсіздігіне байланысты Режеп Тайып Ердоған: "Егер Ирак Күрдістаны тәуелсіздігін жариялайтын болса, онда күрд халқы аш қалатын болады. Біз Күрдістанға экономикалық та, әскери де қысым жасайтын боламыз" - деген болатын.