Қайрат Келімбетовтың сөзінше, "Астана" халықаралық қаржы орталығы қызметкерлерінің жалақысы лауазымына қарай 1 млн теңгеге дейін жететін болады. Бұл туралы ол Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты.
"Мен Президент жарлығымен "Астана" ХҚА" АҚ кеңесінің төрағасы болып тағайындалдым. Жалақы "Бәйтерек" немесе "Самұрық-Қазына" қорындағыдай жоғары емес, аз болуы да мүмкін. Ережеге сәйкес, биыл бізде бонус та, премия да болмайды. Ал менің жалақыма келер болсақ уайымдаудың қажеті жоқ, ол толыққанды қолжетімді. Біздегі жалақы қызметкерлердің лауазымына байланысты айына 1 млн теңгеге дейін барады", - деді Келімбетов.
Сондай-ақ, ол түрлі сұрақтар туындамас үшін БЖЗҚ директорлар кеңесінің мүшесі ретінде өзінің зейнетақы декларациясын жариялағанын атап өтті.
Бұдан бөлек Келімбетов халықаралық қаржы орталығындағы шетелдік сарапшылардың жалақысы тиісті компанияны құруға көмектесетінін атап өтті.
Астана қаласындағы қаржы орталығы Араб әмірліктерінің тәжірибесі бойынша құрылған. 2015 жылдың мамыр айында ЭКСПО-2017 көрмесінің нысандары орталықтың негізі болатыны айтылған еді. Осылайша "Астана" ХҚО Орталық Азиядағы ірі қаржы орны болмақ.
Қайрат Келімбетов бұған дейін де ХҚО жалпы ағылшын заңы бойынша жұмыс істейтінін бірнеше рет айтқан. Оның айтуынша, Лондон, Сингапур, Дубай, Катар сынды елдердің үздік тәжірибелері тәуелсіз реттеуші жұмысында қолданылатын болады.
Алайда айта кетейік, бізде көп дүниенің аты дардай болғанмен, істеген істерінің шала екені белгілі. Бір ғана "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ның өзі қаражатты жұмсауға қатысты үнемі сынға қалып жатады. Ал ертең ХҚО-ға да сын айтылмасына кім кепіл?!