Грузияның бұрынғы басшысы, Одесса облысының экс-губернаторы Михаил Саакашвили Украинада жаңа революция жасамауға уәде берді.
Михаил Саакашвили Украинаның Винница қаласында өткізген шеруінде сөйлеген сөзінде: «Мен бұрынғы революционер болсамда Украинада жаңа революция жасау ойымда жоқ. Мен алдыма қойған мақсаттарым мен билікке қойған талаптарымды заң жүзінде іске асыратын боламын» - деген.
Бұған дейін ол қазан айына дейін Украинаның түкпір-түкпіріне барып халықпен кездесетінін, содан кейін барып ел астанасы Киевте үлкен көлемде шеру өткізіп, халықтың арыз-талаптарын билікке жеткізетінін айтқан болатын.
Естеріңізге салайық, Михаил Саакашвили Украинаға қыркүйектің 10-ы күні келген. Оны бұның алдында шілде айының 26-сы күні Петр Порошенко Украина азаматтығынан шығарып тастаған болатын. Бірақ ол бұған қарамастан Украинаға қайтып оралып, елдегі саяси күштерді біріктіріп Порошенко билігіне қарсы тұра алатын оппозициялық топ құратынын мәлімдеген еді.