Грузияның бұрынғы президенті және Одесса облысының экс-губернаторы Михаил Саакашвили Украинада мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізбек. Бұл жайында ол News One телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген.
Михаил Саакашвили News One арнасының эфирінде сөйлеген сөзінде: «Біз алдағы екі-үш аптада Украинаның барлық облыстары мен аудандарын аралап, қалың бұқараның талаптарын тыңдайтын боламыз. Сосын осы талаптарды жинақтап Киевке барамыз. Біз бұл қадамдарға елде тез арада мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу үшін барып отырмыз. Мен бұл бастамаларым арқылы президент болуды немесе басқа бір жоғары лауазымды қызмет алуды көздеп жүрген жоқпын. Менің басты мақсатым әр азаматқа арналған Украинаны қалыптастыру» - деген.
Естеріңізге салайық, қыркүйектің 10 күні Михаил Саакашвили жақтастарымен бірге Украина шекарасына басып кірген болатын. Оның елге бұлай кіруінің басты себебі шілде айында Петр Порошенконың Саакашвилиді АҚШ-та жүрген жерінде Украина азаматтығынан шығарып тастағандығы.