Германия канцлері Ангела Меркель 2015 жылы қабылдаған Еуропа мемлекеттерінің шекарасын босқындар үшін ашу туралы шешіміне өкінбейтінін жеткізді. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі жазды.
Ангела Меркель Welt am Sonntag басылымына берген сұхбатында Сүрия мен Ирактан босқындарды қабылдау туралы шешімі оның қарсыластарының санын арттырып, саяси қолдаудың төмендеуіне әкелгенімен, ол үшін өкінбейтінін жеткізді.
"Мен 2015 жылы қабылдаған барлық маңызды шешімдерімді өзгертпестен қайта қабылдар едім. Көп қарсылыққа ұшыраған бұл шешімді мен саяси және гуманитарлық тұрғыдан дұрыс деп тапқандықтан, қабылдадым", - деді ол.
24 қыркүйекте өтетін сайлау алдында жасалған сауалнама нәтижесінде, Ангела Меркельдің партиясы өзге саяси оппоненттерімен салыстырғанда, басым дауысқа ие болғанымен, қазіргі халықтың қолдау деңгейі 2013 жылғы сайлау кезіндегі көрсеткіштен әлдеқайда төмен.
Ангела Меркель мен оның партиясының беделі өткен жылы келген босқындардың саны 280 мыңға түсіп, биыл небәрі 106 мың азамат елге қабылданғаннан кейін қайта қалпына келе бастады.