Үндістан мен Қытай екі айға созылған қарсылықтардан соң, шекарадағы даулы территориядан өз әскерлерін алып кету туралы келісімге келді. Бұл туралы BBC ақпараттық агенттігі жазды.
Қытай Үкіметі Үндістанның өз әскерін алып кететінін, ал Пекин территориялық дауда өз мүддесін қорғауды жалғастыратынын жеткізді. Бұл мәлімдемені Үндістан билігі де растады.
Доклам аймағы Гималайлық Бутан мен Қытай арасындағы шешімін таппаған территориялық даудың негізгі себебі. Үндістан Бутанның құқығын қорғап, оның аталған жерге иелік етуін қолдайды. Үндістан мен Қытайдың әскерлерін бір-біріне қарсы қойып, екі ай бойы аймақта шиеленіскен жағдайды қалыптастырған оқиға Пекиннің Докламға баратын шекаралық жолды кеңейту туралы шешімінен басталды. Қытайдың әрекетіне қарсы болған Үндістан өңірдегі әскер санын арттырып, қос тарап бірнеше рет шағын қақтығыстар жүргізді.
Делидегі Қытайға қатысты зерттеулер институтының қызметкері Атул Бхардвадж: "Екі азиялық алпауыт мемлекеттердің конфронтациясы ұзаққа созыла алмайтыны белгілі еді, сондықтан дипломатия - ең ұтымды шешім", - деп есептейді. Сондай-ақ ғалым: "Үндістан бірінші кезекте Бутанды қолдау туралы уәдесіне берік болуға тырысқанымен, шенеуніктер ойынан айнып қалған сияқты. Үндістанға Қытайдың нарығы мен инвестициясы керек, сондықтан мемлекет билігі өзі үшін тиімді тарапты таңдады"", - дейді.