АҚШ-тың әскери кемесі Сингапурға жақын теңіз айдынында мұнай тасымалдайтын кемемен соғылғаны туралы хабарланған болатын. Төрт төңірек көз тіккен осы оқиға туралы сарапшылар әр түрлі болжамдар айта бастады. Осы оқиғаның адамдарды ойға жетелейтін тұсы – аспанда да, жерде де, суда да теңдессіз қуатымен танылған алпауыт елдің Азия-Тынық мұхит аймақтарынан арт-артынан ауыр шығынға ұшырауында жатыр. Басқа бағыттарға аттанған АҚШ кемелері қашан да аман-есен шығынсыз Ақ үй бұйрығын орындап қайтады, «Не үшін Ресей мен Қытай бағытына аттанған кемелері соғылып, суға батып қайта-қайта қайғылы оқиғалар бола береді?»деген сауалдар туындауда.
АҚШ-тың «Фокус» агенті: «АҚШ әскерилері аталған оқиғалардың қандайда бір интернеттік шабуылдармен қатысы жоқ екенін айтқанымен, кейбір ғаламтор мамандары тізбекті оқиғалардың себебін хакерлік шабуылдардан бөле қарауға болмайтынын айтты», - деп жазды. АҚШ теңіз армиясының генералы Ричардсон Twitter парақшасында: «осы оқиғалардың артында интернеттік шабуылдар туындаған болуы мүмкін», - деген еді. АҚШ теңіз әскерилері информатика маманы Джефф Стюцман: «Аса қатерлі Малакка бұғазынан айналып өтерде жауынгерлерге кемелді қолбасшылық жасалады. Оның үстіне кеменің тұла бойы толған бақылау камералары. Сондықтан, мұны адамдардың ағаттығы деуге келмейді», - деген болжамын айтады.
«Менің ойымша бұлардың ешқайсысы да кездейсоқ емес. Екі реткі оқиғаның барысында ұқсастықтар бар. Бұл істерге Ресей мен Қытайдың қатысы бар болуы мүмкін. Кемеге жасалған шабуылдың бірі - бағыт айыратын GPS программасын зақымдаған болуы мүмкін. Екіншіден, әскери кеменің компьютері кибер шабуылға тап болған. Сол себептен кемедегілер келе жатқан екінші кемені көре алмаған», - дейді Австралияның ақпараттық сайтына сұхбат берген ғаламтор қауіпсіздігін бақылайтын Votiro компаниясының іргетасын қалаушы Йитай Глик.
Сан түрлі айтылымдардың ішінде аталмыш оқиғаны қытай елінен көрушілердің саны басым. «Жапон экономика ақпараты» 23 тамыздағы хабарында: «Жақыннан бері Солтүстік Кореяның жағдайына байланысты, Қытай жақтың да теңіздегі әскери қимылдары жиілей түсуде. Осыған орай АҚШ-тың Азия өңіріндегі міндеттері ауырлап, өз-өзінен қарбалас күйге өтті. Арт-артынан туған екі оқиға АҚШ-теңіз күштеріне ауыр соққы болды. Енді осыдан кейін Жапон да сақадай сай күйге өтуі керек. АҚШ-тың абайсыздығына Қытай, Орыс, Солтүстік Корей елдері іштей қуанып жатыр», - деп жазады.
«The New York Times» газеті 23 тамызда: «АҚШ Азия теңіз алқабынан кемелер соғылғанына алаңдаулы. Озық қару-жарақтар мен аса ірі әскери құрылғылармен төңірегінің тыныштығын сақтай білген АҚШ теңіз әскерилері бұл рет аса ауыр сәтсіздікке соқтырды», - деген мазмұнда бас мақала жариялаған.
News.sina.com сайтында «АҚШ-тың әскери кемесінің теңізде соқтығысуына Қытай хакерлері кінәлі болуы мүмкін» деген атпен жарияланған көлемді мақаланың ұзын-ырғасы осындай. Кеше ғана осы оқиғаны «АҚШ әлсіредіге» жорып отырған ақпарат әлемі бүгін осы оқиғаны Қытай мен Ресейдің бірі тудырды дегенді таратуда. Дегенмен әлемдік аренада әскери қуатымен бәсекелесе алатын АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония мемлекеттері арасындағы қайшылықтардың беті ашыла түсетін сияқты. Осы ірі елдер арасында содыр баланың мінезін көрсетіп, ай сайын ұлы теңізге қарай зымыран оқтарын жіберіп, жау жоқ күні жарақтанып отырған «Солтүстік Корея саясаткерімін» деп жүргендердің де басын айналдыра бастады.
Әділет Ахметұлы