Алматы жайлы таңды таңға ұрып айтуға болары шындық. Еліміздің ең ірі мегополисі. Өзінде екі миллионға жуық адам тұрса, оның сыртында үш миллионның асты-үстіндегі тұрғын осы қаламен тағдырларын байланыстырған. Осыдан-ақ, Алматыдағы халық нөпірін бағамдай беріңіз.

Ең бастысы Алматы – Тәуелсіздік туы тігіліп, аңсаған арманымызға жеткен, егемендіктің таңы арайлап атқан қазақ халқының қастерлі қаласы. Кезінде оқығаным бар еді, онымен де оқырманмен бөлісе отырғаным жөн шығар. Тарих біздің өткеніміз. Сол өткенге үңілсек, Кеңес үкіметі кезінде, қызыл компартиядан нұсқау түсіпті – КСРО-ның қай жері адам жанына жайлы жұмақ екендігін анықтап біліңіздер деген. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, дөңгеленген жер шарының жартысын алып жатқан алып державадан – жер жұмағын табу. Іле-шала талай зерттеу мекемелері іске кірісіп, қорытындысы да дайын болыпты. Нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы облысы адамның өмір сүруіне табиғи тұрғыда ең жайлы жер деп танылған екен. Ия, қазекеңнің жер жаннаты – Жетісу дегенінің тегіннен тегін айтылмағанын осыдан-ақ, байқауға болады.

Біз Алматының тыныштығын сенімді қорғаймыз

Алматы мегополисінің тыныштығын қамтамасыз ету бұл мемлекеттік стратегиялық міндеттердің бірі. Әуелі, тыныштық жайлы аз-кем ой толғайықшы. Елбасымыз айтады, айтап келеді де «ел бірлігі ең басты байлық, тыныштық басымыздағы бақ», деп. Шыныменде төте орамды айтылған ұлағат. Тыныштықсыз, ел бірлігісіз ел егемендігінің арайлы күндер санаулы болары, қуаныштың арты бір-ақ тұтатам толары анық.

Ал күндіз-түні қалғымайтын қызу өмірі қайнап жататын Алматының тыныштығын қамтамасыз ету тек айта салғанға оңай шығар.

Алматыда Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы орналасқан. Күш-қуат ведомствосының ең ірі құрылымы. Бұл қолбасшылыққа мегополистен өзге Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған қалаларындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері жүктелген.

Әскери бөлімдегі оқу-жаттығу жұмыстары

Әңгіме оңтүстік астанамыз жайлы өрбіп отырған соң қайтып оралайық. Алматының қоғамдық тәртібін қамтамасыз ететін Ұлттық ұланның бірнеше құрылымдық бөлімшелері бар. Олардың бірегейі – 5571 әскери бөлімі. Бүгінгі біздің оқырманмен бөлісер ақпаратымыз сол әскери бөлімнің 2-ші жедел мақсаттағы батальоны жайлы. Осыдан бірер күн бұрын біз аталған бөлімшеге барып, жауынгерлік қызметтерімен танысқан болатынбыз.  Бізді емен-жарқын қарсы алған ұжым бір ауыздан «Біз Алматының тыныштығын сенімді қорғаймыз» дейді бірауыздан.

5571 әскери бөлімінің 2-ші жедел мақсаттағы батальоны әскери бөлімнен жеке дара бөлек орналасқан. Ұжым Алматы қаласының Тимирязев және Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы қалалық жол-патрульдік полиция басқармасының тура іргесінде қоныс тепкен.

Қазақ елінің экономикасы өрістеп, қуаты артқан сайын құқық қорғау органдарының инфрақұрылымдары, оның ішінде Ұлттық ұлан тәуелсіздік жылдары лайықты даму жолынан өткеніне тарих куә. Оған ашылғанына бас-аяғы он жылдың жүзі бола қоймаса да азаматтардың алаңсыз қызмет атқарулары үшін мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалғанына 2-ші батальон дәлел бола алады.

Бүгінде батальонның техникалық жарақтандырылуы жоғары дәрежеде. Жауынгерлік қызметті атқаруға құрал-жабдықтармен әр сарбаз қамтамасыз етілген. Жақында ғана биыл көктемде әскер қатарына шақырылған жауынгерлер Әскери анттарын қабылдап алғашқы жауынгерлік міндеттерін атқара бастаған.

Жалпы алғанда, әскери бөлімшенің жеке құрамының күшімен 1027 әкімшілік құқық бұзушы әшкереленіп, 19 қылмыстық оқиға дерегі ашылған.

Капитан Саламат Әмірхановтың айтуынша, жауынгерлік қызметпен қоса жауынгерлердің тәрбиесі мен танымдық өресін арттыруға үлкен көңіл бөлінеді екен. Мәселен, күнделікті тәрбие сағаттарынан өзге жауынгерлер қалағадағы танымдық орындарға саяхаттауға жиі шығып тұрады екен. «Мұндағы сарбаздардың 80-90 пайызы ауылдық жерде туып өскен балалар. Көпшілігі Алматыны тек естігені болмаса, жол түсіп көрмегендер. Біз олардың өздеріне жақсы болу үшін, «иа кезінде әскерде болғанымда» анда-мында барған болатынмын деп айтып, ерекше сезіммен айтып отырулары үшін оларды әр аптаның соңғы күндері мұражайларға, саябақтарға, аңдар саябағына апарып тұрамыз. Бұл да адам тәрбиесінің бір тетігі болып табылады», - дейді батальон бас тәрбиешісі.

Қорыта келгенде, өздеріне сеніп тапсырылған жауапкершіліктің үдесінен шығып келе жатқан 5571 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы 2-ші баталонына өздері еңсерген биіктерден аласармай, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдіреміз.

Майор Арман ӘУБӘКІРОВ

“The Qazaq Times”