«Жануарлар құқығын қорғаушы Peta, экзотикалық жануарлардың терісінен жасалатын сөмке және өзге де тауарлардың өндірісін тоқтату үшін, Louis Vuitton Moet Hennessey (LVMH) компаниясының акцияларын сатып алды» деп хабарлайды bbc.com.
Бұл акция бөлігі Peta-ға акционерлер жиналысына қатысуға және өзге акционерлер алдында ашық сұрақтар қоюға мүмкіндік береді. Алайда ол нақты қанша акция сатып алғанын атап көрсеткен жоқ. Бұндай әрекеттер құқық қорғайтын топтар арасында кең тараған. Расымен бүгінгі таңда, нарықта «қолтырауын терісінен» жасалған тауарлар (сөмке, әмиян, т.б.) жоғары сұранысқа ие әрі бағасы да қымбат. Сондықтан да, Париждегі (Euronext) LVMH-тің акцияларын сатып алудағы басты мақсат: компаниядағы экзотикалық жануарлардың терісінен жасалынатын тауар өндірісін түбегейлі тоқтатуға мүмкіндік алу.
Осы жағдайдан кейін LVMH директоры Сильви Бернард Петаға жауап ретінде былай дейді: «Бізде серіктестер арасында сіз атап көрсеткендей әдіс-тәсілдерді ешкім қолданбайды. Жануарларды өлтіру немесе зиян келтіру – біздің ішкі заңымыз бен жеке принциптерімызге сәйкес келмейді». LVMH –элиталық брендке айналған әлемдегі ең үлкен компания. Аталмыш брендке Louis Vuitton сөмкелері, шампанның бірнеше маркалары, Hennessy коньягі, Fendi және Marc Jacobs сән үйлері кіреді. Сондай-ақ, компания иіссу, опа-далап және әшекей бұйымдарын нарыққа ұсынады.
«The Qazaq Times»