Қазақстан экономикасының өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымындағы маңызды салалардың бірі – энергетика. Биыл Қазақстан осы салаға басымдық берілгенін дәлелдеу үшін EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізіп жатыр. Ал бұл көрме энергетика саласына өз үлесімді қоссам деген ел азаматтары үшін берілген үлкен мүмкіндік. Міне, осы мүмкіндікті пайдаланып, халықтың игілігі үшін жұмыс істесем дейтін азаматтар бар. Біз сондай азаматтардың бір Елеусіз Сопиевпен сұхбаттасқан едік. Ол қалдықсыз, зиянсыз экологиялық таза энергетика құрылғысын ойлап тауыпты.
- Елеусіз аға, сіз энергия өндірудің жаңа тәсілін ұсынып отырсыз. Ол қандай тәсіл?
Бұл өзін-өзі желдету арқылы энергия өндірудің бір тәсілі. Өзіміз «Мәңгілік жел қозғалтқышы» деп атап отырмыз. Яғни табиғаттың желіне тәуелсіз жұмыс істейді. Өзін-өзі желмен қамтамасыз етіп, жабық ғимаратта тұрады. Көмір, газ, мұнай, уран қажет болмайды. Энергия өндіру үшін қандай да бір шикізатты сатып алуға тәуелді болмаймыз. Бұдан экологиялық шығын бірден бірнеше есеге азаяды. Ал егер бұл жоба жүзеге асатын болса басқа электр жүйелеріндегідей күрделі процесс болмайды. Мысалы Алматыны энергиямен қамтамасыз ету үшін жаздың өзінде 12-15 мың тонна көмір жағылады. Ал, біздің мәңгілік жел қозғалтқышының пайдасы табиғатқа экологиялық зиянды қалдық шығармайды. Өйткені энергия өндіру үшін отын жағылмайды, қалдық шықпайды.
Тағы бір мысал, бір қаладан екінші бір қалаға энергияны тасымалдау кезінде энергияны 30-50 %-ы далаға кетеді. Ал біздің жоба бойынша бір қаладан екінші қалаға электр бағандарын тарту деген болмайды. Ол кезде қала ішіндегі бағандар ғана болады. Себебі энергия қанша көлемде керек, сонша көлемде өндіруге болады. Қондырғыны үлкен мегаполиске керек болса, үлкен етіп, ал, аудан ауылға керек болса шағын етіп жасап, орнатуға болады.
Қазіргі кезде біз энергияны Ресей, Қырғызстан елдерінен алып жатырмыз. Ал бұл құрылғы шыққан жағдайда біз энергетикалық тәуелділіктен құтыламыз. Естіген құлаққа сенімсіз болуы мүмкін, бірақ бұл - шындық.
- Ал бұл жоба идеясы қашан келді?
Негізі мұның пайда болғанына 10 жылдан асты. Сол 10 жылда эксперименттер жасап, толықтырып, зерттедік. Енді осы жобаны биылдан бастап жарыққа шығару жұмыстарымен айналысып жатырмыз.
Біз тек осы жаңалықты ұсынушымыз. Яғни, бізде ойлап табылған жаңалық бар, эксперимент жасадық, бірақ оны одан ары дамытатын мүмкіндік жоқ. Егер ірі компаниялар бірлесіп, «бұл құрылғыны жасаймыз, қолға аламыз» десе біз оның қаншалықты пайдасы бар екенін дәлелдей аламыз.
Мысалы электр пойыздарын алайық. Оларды дизельден электр жүйесіне ауыстыру үшін қаншама бағандар тартылады. Ал егер мен айтқан құрылғы жасалып шықса, онде оны тек 1 вагонның ішіне орнатып қойып пайдалана беруге болады. Су кемелерін алайық. Олардың да осы құрылғыны пайдалануға мүмкіндігі бар.
- Яғни бұл құрылғылардың көлемі кіші болады ғой?
Бұны енді алдында айтқанымдай үлкен әрі кіші етіп шығара беруге болады. Ол шығарылатын токтың ауқымына байланысты болады. Мысалы 500-1000 МВт шығару үшін үлкен генераторлар, құрылғылар керек. Ал кеме, пойызды жүргізу үшін қанша ток керек, сонша қажет токты өндіріп беретін кіші құрылғыны жасап шығаруға болады.
- Бұл құрылғы басқа энергетика көздерін алмастыра ала ма? Себебі бізде көпшілігі су, атом электр энергиясын пайдаланады.
Әрине. Ол жылу, су, атом электр станциясы болсын, олардың орнын алмастыра алады.
- Ал экономикалық тұрғыдан қандай пайдасы бар? Өйткені мысалы СЭС, АЭС сынды энергетика жүйелерін салуға біріншіден, мол қаражат, екіншіден уақыт қажет.
Дұрыс айтасыз! Мысалы бір ғана Мойнақ СЭС-ін салуға 340 млн. $ шамасында қаражат жұмсалды. Ал, біз ойлап тапқан жаңалықты жүзеге асыру үшін соншалықты көп қаражат кетпейді. Тіпті бұл құрылғы пайдалануға берілгеннен кейін токтың киловаты қазіргідей 20-25 теңге емес, 8-10 теңге шамасында болуы мүмкін.
- Осы жобаны жүзеге асыруда қандай мәселе туындап отыр?
Аталмыш құрылғыны жасау үшін жалғыз менің шамам жетпейді. Мен жобаны ұсынушымын. Ал, оны өндіріске кіргізу үшін ірі компаниялардың көмегі керек. Өйткені бұл өзіміз құрай салатын жиһаз емес. Оған ғылыми, инженерлік есептеулер қажет.
- Осыған көмек көрсете алатындай компаниялармен кездесе алдыңыз ба?
Біз мұны жүзеге асыруды енді бастап жатырмыз. Бұған дейін құрылғының өзіндік қуатын күшейтумен айналыстық. Негізгі бізді қуантатыны- біздің қозғалтқыш жұмыс істейді. Ендігі кезекте инвесторларды табу мақсаты тұр және ақпарат көздері арқылы мәлімет таратып жариялы түрде жұмысымызды жалғастырғымыз келеді. Негізі заң аясында. Бізге жариялылық, ақпараттық қауіпсіздік өте маңызды. Себебі, біздің жоба 21 ғасырдың энергетика саласындағы үлкен жаңалық.
- Жобаны жүзеге асыруда мемлекеттік қолдау бағдарламаларын пайдалану жолын қарастырып көрдіңіз бе?
Бұл жерде былай. Бізге мемлекет қанша миллиард ақша берсе де біз оны жасай алмаймыз. Бізге ақша қажет емес. Бізге осы осы энергетика саласындағы мамандар, инженерлер қажет. Себебі біздің жұмыс істеп тұрған құрылғыны одан әрі дамыту үшін мамандармен біріге отырып,өте дәлдікпен жасап шығуымыз керек.
Сондай-ақ, біз бұл жобаның Қазақстанда жасалғанын қалаймыз. Себебі шетелдік компаниялардың қызығушылық танытатыны сөзсіз. Ал егер еліміз қызығушылық танытпаса шетелге ұсынуға тура келеді. Сондықтан біз ақпарат көздері арқылы ашық жариялап, Қазақстанда қалуына жағдай жасағымыз келеді.
- Әңгімеңізге рахмет!