Қытай Үкіметі күші 6,5 баллды құраған жер сілкінісінің құрбандарын іздестіру шараларын тиімді ұйымдастыру үшін таулы өңірлерге арнайы техника мен құтқарушылар жіберді. Қазірдің өзінде табиғи апат салдарынан 20 адам қаза тауып, 100-ге жуық бейбіт тұрғын жараланған деген мәлімет бар. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Цзючжайгоу аймағы ЮНЕСКО-ның қорына кірген ұлттық парк орналасқан табиғаты көркем жер. Негізінен тибеттер тұратын өңірге туристер өте көп келеді. Жер сілкінісі орын алған кезде осында демалуға келген 60 мыңға жуық туристер жақын маңдағы қауіпсіз ауылдар мен қалаларға эвакуацияланған.
Қазір оқиға орнында 500 медицина қызметкері алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатыр. Жергілікті 1680 үй мен 17 ауыл әртүрлі деңгейде зардап шеккен. Қазір тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіліп, олар қоғамдық орындарға орналастырылып жатыр. Елдегі байланысты қалпына келтіру үшін 129 телекоммуникациялық бағандар қайта тұрғызылды.
Сарапшы мамандар биыл болған жер сілкінісін 2008 жылы орын алған 8 баллдық табиғи апатпен салыстырғанда, жеңіл деп отыр. Ол кезде Цзючжайгоу өңірінде із-түзсіз жоғалып кеткендер мен қаза тапқандардың жалпы саны - 87 мың адамды құраған болатын.