Еуроодақтың Ресейге қарсы салған санкцияларының қатары тағы да 3 азамат пен  Германияның Siemens компаниясы өндірген турбиналарды Қырымға жеткізу дауына қатысы бар деген 3 компанияның атымен толықты. "Қара тізімге" іліккен азаматтар: Ресей энергетика министрінің орынбасары Андрей Черезов, департамент басшысы Евгений Грабчак пен "Технопромэкспорт" компаниясының басшысы Сергей Топоргилка. Оларға Еуроодақ аумағына өтуге тыйым салынып, жеке активтеріне қолжетімділік тоқтатылады. 

2014 жылы Ресей Украинадан Қырымды тартып алғаны үшін, Еуропа елдері және АҚШ Мәскеуге қарсы экономикалық және дипломатиялық санкциялар енгізгені белгілі. Олар әлі де өз күшінде екенін ескерген жөн. Соңғы кезде сарапшылар Еуропа мен АҚШ-тың Ресеймен қарым-қатынасын түзеуге ынталы екенін алға тартып, санкциялар тек "ресмилік" үшін ғана сақталып тұр деген ой білдірген. Дональд Трамптың G-20 саммитінде  Владимир Путинмен жеке кездесуінен кейін, Сүрияның оңтүстік-батысында  америкалық және ресейлік әскерлердің дескалация зонасын құрып, бейбітшілік жариялағаны екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтады деген сенім ұялатты. Дегенмен...

АҚШ-та өткен биылғы президенттік сайлауға Ресей астыртын араласқан деген толассыз айыптаулар Конгресстің Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуіне алып келді. Дональд Трамп ұзақ уақыт бұл құжатқа қол қоюға тайсақтап, өзінің твиттер парақшасында Конгрессті Ресей мен Америка қарым-қатынасының "қауіпті шекке" келіп жеткеніне кінәлағанымен, жағдай өзгерген жоқ. Ресей өз кезегінде енді АҚШ-пен қарым-қатынасы жақсармайтынын ашып айтты.

Еуроодақ АҚШ-тың жаңа санкциялар режимін айыптап, қарсылық білдірді. Бұл әрекеті оның Ресейге жаны ашығанынан емес, экономикалық шектеулердің бір ұшы өзінің энергетикалық компанияларына тиіп кетеді ме деген қауіптен жасалып отырған шара. Еуроодақ өзінің қаупі шындыққа айналған жағдайда, АҚШ-қа жауап есебінде қарсы санкциялар енгізетінін де жасырмады. Енді Ресейді жақтаған мәлімдемесінен кейін араға бір апта салмай, Еуроодақ Ресейге қарсы құрылған "қара тізімді" тағы ұзартып отыр.

Себебі...

2014 жылғы Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларының ішінде энергетикалық компаниялардың Қырымға тауар тасымалдауына толықтай шек қоятын бөлім бар. Шілде айының басында Reuters ақпараттық агенттігі "Қырымда Ресейдің бастамасымен салынып жатқан электр стансаларына Германияның Siemens компаниясының турбиналары жеткізілді" деген ақпарат таратып, Севастопольдан дәлелді суреттер жариялады. Ресей Үкіметі "Суреттердегі турбиналар қосалқы нарықта сатып алынып, Ресей зауыттарында жаңарған отандық өнім" десе, Siemens компаниясы: "Бұл біздің Ресейдегі Тамань облысына жіберген турбиналарымыз. Екі арадағы келісім бойынша Таманьға жеткізілуі керек болған турбиналарды Ресей бізге ескертпестен, Қырымға тасымалдаған. Осы әрекеті үшін арадағы барлық келісімдердің күшін жоямыз", - деп мәлімдеді.

Еуроодақтың жаңадан енгізілген санкиялары осы турбина дауына байланысты қолға алынып отыр. Еуроодақтың санкциялар туралы берген түсіндірмесінде: "Қырым мен Севастопольдағы стансалар құрылысының басталуы, жартытүбектің  энергетикалық тәуелсіз болуына алып келіп, Украинаның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді" делінген.

Украина Президенті Петр Порошенко Еуроодақтың бұл қадамын қуана қабылдап, жаңа санкциялар агрессорға (Ресей) берілген жақсы сабақ деп есептейді. Ол өзінің Facebook парақшасында: "Санкцияларды айналып өтуге тырысу, олардың күшейе түсуіне алып келеді. Бұл әрекеттер Украинаның территориялық тұтастығын толықтай қалпына келтіргенше, жалғаса береді", - деп жазды.

“The Qazaq Times”