Осыдан бірнеше онжылдық бұрын өз жерінде кезекті Олимпиада ойындарын қабылдаған Монреаль қаласындағы спорттық стадионның есігі босқындар үшін қайта ашылды. 1976 жылы мұнда жызғы олимпиада ойындары өткен болатын. Бұл туралы Euronews ақпараттық агенттігі жазды.
Сыйымдылығы 66 мың адамды қамтитын стадионға келіп жеткен босқындардың алғашқы 100-іне төсек орындары мен азық-түлік берілді. Гуманитарлық көмек ұйымдастырушылар стадион басшылығынан тағы 600 төсек орнын сұрап, өтініш білдірді. Дегенмен, стадион босқындарды орналастыру үшін уақытша ғана пайдаланылады.
Айта кетейік, АҚШ-та Дональд Трамптың саясатына орай, 6 мұсылман мемлекетінің азаматтарына Америкаға кіруге тыйым салынып, елдегі біраз босқынды депортациялау туралы мәселе көтерілген еді. АҚШ-тың салқын қабақ танытуынан сезіктенген көп босқын шекара асып, Канадаға жетті.
Канаданың Премьер-министрі Джастин Трюдо босқындарды қабылдауға байланысты еркін саясат ұстанып отыр. Әсіресе, Сириядағы соғыстан қашқан халыққа баспана мен қауіпсіздік беру бірінші кезекте орындалып жатыр. Оған дәлел -өткен жылдың шілде айында Квебек провинциясында 180 босқын болса, биыл осы уақыт аралығында өңірге қоныс аударған босқындардың саны 1174-ке жеткен.