АҚШ Әскери-теңіз Тынық мұхит флоты командирі Свифттің бейсенбі күні сөйлеген сөзі Қытай мен Шығыс Азияны дүр сілкіндірді. Ол сөзінде: «Егер, президент Трамп келер аптада Қытайға қарата ядролық шабуылды іске қосу бұйрығын беретін болса, мен табанда бұйрықты атқарамын», – деді. Бұл туралы Қытайдың «Шинлаң» ақпараттақ агенттігінің ресми сайты хабарлап отыр.
Свифт бұл пікірін кешегі күні Австралиялық ұлттық университетінде өткен қауіпсіздік конференциясында айтып өтті. Конференцияға қатысушылардың бірі АҚШ әскери-теңіз күштерінің командирінен: «Егер сізге президент Трамп Қытайға ядролық шабуылды іске қосу туралы бұйрық берсе, сіз бұл бұйрықты атқарасыз ба?» – деп сұрады. Свифт ойланбастан: «Әрине атқарамын, – деп жауап берді, ол және: әр бір Америка жауынгері ант бергенде үш үлкен армияның бас қолбасшысы ретінде президентке бағынамын деп серт береді. Егер, президент Қытайға ядролық шабуылды іске қос десе, мен табанда бұл бұйрықты орындаймын», – деді.
Ол өзі сөзін түсіндіре келіп: «Бұл америкалық демократияның негізі болып табылады. АҚШ армиясы кез-келген уақытта америкалықтардың бақылауында және адалдықтан ауытқымайды. Олай болмағанда өте үлкен қайшылықтар орын алады», – деді.
Associated Press-тің хабарында, АҚШ пен Австралия бірлескен көлемді әскери оқу-жаттығулары таяуда ғана соңына шықты. Бұл әскери оқу-жаттығуға екі тараптан 33 мың жауынгер, 36 әскери кеме және 220 әскери ұшақ қатыстырылды.
Қытай сарапшыларының бұған қаратқан пікіріне тоқталатын болсақ, олар Свифттің «президентке адалдық», «жауынгерлік рух» дегенінің бәрі саяси қызыл сөздер ғана деп қарайды. Ол адал болсын болмасын, бұйрықтан жалтарса, қызметінен алынып, оның орнына президент бұйрығына бағынатын бір адамның тағайындалатынын жақсы біледі. Қытай сарапшылары: «Егер мұндай бұйрық Қытай Азаттақ армиясының командиріне қойылар болса ол да бір ауыз кесімді жауап бере алады», – деді.
Аталған сайттың жазуынша, Қытай-АҚШ қарым-қатынасы қазір өңірдегі ең маңызды ел аралық қарым-қатынас болып саналады екен. Бұл қарым-қатынастың сезімталдығы сонша, бірер адамның өткізген қателіктерін үкімет жабыла жуып-шайып, тазартумен келеді. Ал, үшінші бір елдің Қытай мен АҚШ арасындағы ядролық соғыстың туылуын елестету және оны АҚШ әскери лауазымдысынан сұрауы барып тұрған арандату саналады екен. Қытайлық сарапшылар пікірінше, «Трамп есі ауысқан жағдайдан кейін ғана мұндай ядролық шабуыл бұйрығын береді» деп қарайды.