«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 2017 жылы кәсіпкерлік нысандарының инфрақұрылымына Ұлттық қордан 10 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
«Тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, металлургия, құрылыс материалдары өндірісі, негізгі фармацевтикалық өнімдер және жиһаздар секторында 22 шағын және орта бизнес жобасын қаржыландыру жоспарланып отыр», - деді министр.
Сондай-ақ ол 8,8 млрд теңге сомасындағы қаражатты қосымша үлестіру жоспарланып отырғанын хабарлады.
«Мемлекеттік органдарға 2017 жылы 073 бюджеттік бағдарламасы (ББ) бойынша қаражаттың төмен үлестірілуінің себебі - жобаларды пысықтаудың аздығы және мемлекеттік органдардан тапсырыстардың болмауы. Осы жылға арналған 073 ББ бойынша үлестірілмеген қаражаттардың қалғанын тиімді пайдалану мәселесі 2017 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында шешілетін болады», - деді Сүлейменов.