ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі қант бағасына қатысты түсініктеме берді. Шенеуніктердің сөзінше, қант бағасы өседі деудің қажеті жоқ.
Сонымен Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов үкіметте өткен баспасөз конференциясында "бұл өнімнің бағасы жоспарланған деңгей бойынша өзгереді" дегенді айтады.
"Өңірлердегі баға деңгейі жылдың соңына дейін біз белгілеген жоспарға сәйкес болады деп есептейміз. Сондықтан баға құбылмалығы болады деп ойламаймыз. Өңірлер бойынша нақты жұмыс істеліп жатыр, баға мониторингін жасаймыз", - деді ол.
Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов әр облыста қант қоры жеткілікті екенін атап өтті.
"Бізде қант қоры 500 мың тоннаны құрайды. Өңірлерде өнім қоры бар. Ал оның бағасының бірден қымбаттап кету тенденциясы байқалмайды", - деді АШМ өкілі.
Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын жаздың ортасы мен күз айларында тәттінің бағасы шарықтап кететіні белгілі. Мысалы былтыр Қазақстанның біраз облысында қанттың бағасы 20-25%-ға, кей өңірде 30%-ға дейін көтерілген. Сол кезде ең жоғары баға Атырау қаласында тіркелді. Мұнда 1 кг қанттың құны 400 теңгеге дейін жеткен.