Қазақ журналистикасының тарланбозы, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері Жұмабек Омарұлы Кенжалиннің кенеттен қайтыс болғаны туралы хабар бүкіл ел журналистерінің қабырғасын қайыстырып кетті. Қазақта «Тозбасты ұста соқпайды, өлместі құдай жаратпайды» демекші, табиғаттың бұлжымайтын қатал заңына еш пенде қарсы тұра алмасы анық. Атадан туған жанға өлім рас. Алланың жазуы солай болса, амал бар ма?!
Жұмабек Омарұлы Кенжалин қазақ журналистикасына ерекше еңбек сіңірді. Қарапайым тілшіден ірі холдингтің бас директорлығына дейінгі абыройлы жолдан өтті. 1981 жылы «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде әуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Зерде» («Білім және еңбек») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1999 жылдан 2007 жылға дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас директоры, «Ана тілі» ұлттық апталығының, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы қызметтерінде болды. 2004 жылы «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі» деген тақырыпта саясат ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін диссертация қорғады. Бірқатар Дүниежүзілік жастар мен студенттердің форумдарына қатысты. 1978 жылы халық депутаттары Алматы қалалық советінің депутаттығына сайланды. ХVІІ шақырылған халық депутаттары Алматы қалалық кеңесінің депутаты болды.
Жұмабек Кенжалин «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011ж.) деп аталатын кітаптардың авторы.
Ауыр қайғыны ер көтереді, ауыр қазаны жер көтереді. Жаратушы Алла марқұмның артындағы балаларын үбірлі-шүбірлі етіп, ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін! Жатқан жері жайлы болсын! Иманы жолдасы болсын!
Жұмабек Омарұлының отбасына, туған-туыстарына және Қазақстанның барша журналистер қауымына қайғырып көңіл айтамыз.Тас түскен жеріне ауыр.
Қазақстан Журналистер
Одағының басқармасы.