Мұңғылияда бокстан ересектер арасындағы ел біріншілігі басталды. оған Баян-Өлгийлік қазақ боксшылар да қатысуда. Бұл туралы KAZNEWS хабарлайды.  

Бүгін шаршы алаңға 52 келіде Жолдасбек Тахтияналұлы шығады. Ол қарсыласы Цэндсүрэннен айласын асырып, келесі айналымға өтсе, оны жерлесі Нұрлан Асқарұлы күтіп тұр.

Сондай-ақ 52 келіде К.Мәлік, 60 келіде Нұрбек Әуезұлы, 75 келіде Жоламан Рахымжанұлы, Октьябр Тасайұлы, 81 келіде Ыбырайм Төлеуханұлы,  -91 келіде Бекнұр Қалиұлы, +91 келіде Ерболат Төлекұлы қатарлы қорғасын жұдырықтар бар. Ал, олармен қатар, 48 келіде Нұржамила Батырбекқызы, 69 келіде Нұржанар қатарлы қарындастарымыз да шаршы алаңда жарқылдап өнер көрсетпек.

Бокс біріншілігі туралы өз ойымен бөліскен Баян-Өлгий аймақтық бокс федерациясының төрағасы Қайнар Қайсанайұлы «биыл ең әуелі олимпиадалық жаңа цикл басталып жатыр.  Жігіттеріміз бұл жолғы ел біріншілігін сәтті аяқтаса жаңадан жасақталатын ұлттық құрама сапына қабылданады. Алда Азия және әлем чемпионаты күтіп тұр. Сондықтан жігіттерге тек ғана сәттілік тілеймін» депті.

"The Qazaq Times"