Алматыда Бөкейханов көшесінің қилысы мен Солтүстік айналым бойында жаңа жол айырығы ашылды. Бұрын осы учаскеде тәулігіне 211 мың автомобиль өтетін болса, жаңа нысан арқылы жолдан өтетін көлік саны 361 мыңға артып, 70%-ды құрады. Жаңа жол айырық Дорожник, Шаңырақ, Өжет ықшам аудандарындағы көлік кептелісін 20%-ға қысқартады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жол жоспарланған мерзімінен алты ай бұрын берілді. Жолайрық құрылысы 2015 жылдың соңында басталған, жалпы құны - 8,6 млрд теңге.
Сондай-ақ, қазіргі кезде Фурманов көшесінен Жансүгіров көшесіне дейін теміржол арқылы эстакадамен бірге, Хмельницкий көшесі мен Сүйінбай даңғылынан Жас қанат ықшам ауданына дейін, Абай даңғылы-Әуезов көшесінен Қалқаманға дейін, одан қала шекарасына дейін ұңғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әкімдіктің мәліметінше, Сейфуллин – Жансүгіров, Рысқұлов даңғылы, Емцов көшесі мен Құлжа трассасы қиылыстарында жол айырық құрылыстары жалғасуда, BRT желісі бойынша көше-жол жүйесі жаңаруда, Наурызбай ауданындағы Қалқаман және Алты алаш елді мекендерінде ұзындығы 17,335 км болатын, Алатау ауданындағы Алғабас және Ақбұлақ елді мекендерінде ұзындығы 10,993 км болатын жолдар салынуда.
Сонымен қатар, Алматыда жүргіншілерге басымдылық беру үшін бірқатар көшелер қайта жасалып жатыр. Биылғы жылдың аяғына дейін Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңына тастар төселеді, жасыл желек отырғызылады, кіші архитектуралық формалар қойылады, спорт инвентарьлары орнатылып, балалар алаңдары пайда болады, веложолдар абаттандырылады, нысандар текшелері жарықтандырылады.
Алматы әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, мегаполисте 10 жыл ішінде 30 жол айырық іске қосылған. Алайда халықаралық тәжірибе жеке көліктер үшін инфрақұрылым көп жасалса, қаланың көлік тарфигінің арта түсетінін көрсетіп отыр.