Алматының Алатау ауданындағы индустриалды аймақта Tokyo Rope Manufacturing трансұлттық корпорациясы желісі саналатын инженерлік қауіпсіздік жүйелерін өндіретін жоғары технологиялық зауыттың құрылысы басталды.
Өткен жылдың қараша айында ҚР Президентінің қатысуымен жапондық кәсіпорынмен бірлескен жоғары сапалы металл өнімдерін шығаруға маманданған Tokyo Rope Almaty зауытының негізі қаланған болатын.
Өз сөзінде қала әкімі Бауыржан Байбек: "Алматы инновациялық тұрғыда қарқынды дамып келе жатқан қала ретінде қолайлы инвестициялық климатқа ие. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда, сырттан келетін инвестициялар көлемі 25 пайызға артты", -деп мәлімдеді.
Tokyo Rope Manufacturing трансұлттық корпорациясының басшысы Шигето Танаки: "Бұл Жапониядан тыс орналасқан ірі әрі әлеуеті зор зауыт болады. 4 га аумаққа орналасатын зауыт құрылысына қазірдің өзінде 3,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Тау-кен жұмыстарына арналған болат және металлдан дайындалатын әртүрлі өнімдер дайындайтын зауыттың жылдық қуаты 17 мың тонна болады деп жоспарланып отыр. Шикізаттың басым бөлігін Қазақстаннан алатындықтан, бұл өнім бағасын бірқалыпты ұстауға көмектеседі", -деп пікір білдірді.
Айта кету керек, 130 жыл бұрын іргесі қаланған Tokyo Rope компаниясы өз саласында әлемдік жетекші кәсіпорын саналады. Жер шарындағы ең ірі 20 көпірдің 12-сінің құрылысына жапондық компанияның өнімі қолданылған.