АҚШ-та 14 жасар әуесқой программист Дюплессис зағип жандарға арналған кір жуғыш машина ойлап тапты.
Жас өнертапқышты заманауи техника түрлерінің мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктерін ескермей жасалатындығы қынжылтқан. Дауыс арқылы басқарылатын "Talking Laundry" деп аталатын кір жуғыш машинасы алғашқы сынама үшін Кентуккидегі зағип жандарға арналған арнайы мектепке берілді.
Қазір идея авторы қолданыста анықталған кемшіліктерді түзетіп, өнертабысын жан-жақты жетілдіріп жатыр. Тұтынушылар құрылғыға қосуды сұраған жаңа функциялардың бірі - дауыс арқылы кір жуу процесінің аяқталуына қанша уақыт қалғаны туралы сауалға жауап алуға мүмкіндік беретін мәзір.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған типографияның технологиялық өнімдер бойынша басшысы Ларри Скутчан: "Бүгінде жаңа технологиялардың көбі зағип жандардың өмірін жеңілдетуге бағытталмаған. Сондықтан олар әлі де өзге адамдардың көмегіне мұқтаж болып қала береді. Дюплессистің еңбегі жалпыхалықтық қолданысқа енсе, жанарсыз қалған көп адамның тұрмысы жақсара түсер еді", - деді.