ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде жағдайдың толық бақылауға алынып, қауіпті аймақты залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 29 маусым күні Байқоңырдан 12 км қашықтықтағы аумақта жәндіктер мен кеміргіштерде оба дерті анықталған болатын. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде бас дәрігердің екпе жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты тапсырмасы жазылған хат кеңінен таралып, ел ішінде алаңдаушылық тудырған еді. Табиғи аймаққа жақын маңда Байқоңыр қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған "Левобережный" су қоймасы болғандықтан, мекеме басшылығына 34 қызметкерге екпе жүргізуге тапсырма берілді.
Қызылорда облыстық обаға қарсы күрес станциясының басшысы Алма Матжанова аталған хаттың әлеуметтік желіге қалай тап болғанын білмейді және кінәліні табуды құқық қорғау органдары қызметкерлеріне тапсыруға бел байлап отыр.
Қазіргі уақытта Қызылорда облыстық обаға қарсы күрес станциясының Жосалы аудандық бөлімшесінің қызметкерлері төрт шақырым аумақты дезинфекциялаудан өткізіп, халық арасында санитарлық-ағарту, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті лабораториялық зерттеу нәтижесінде 14 кеміргіш пен үлкен құмтышқаннан оба ауруының белгілері табылғанын мәлімдеді. Дерекке сәйкес, үй жануарлары мен облыс тұрғындарының арасында оба дерті тіркелмеген.
Атап өту керек, обаға қарсы профилактикалық жұмыстар - жыл сайын жүргізілетін қалыпты құбылыс. Қазақстанда обаның табиғи ошақтары 8 облыста бар: Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, БҚО, Қызылорда, Маңғыстау, ОҚО, Қарағанды, ШҚО. Бұл облыстарда обаға қарсы күрес станциялары жұмыс істейді және жыл сайын оба дертінің қоздырғышына мониторинг жүргізіледі. Елімізде оба дерті соңғы рет 2003 жылы тіркелген.