Қыз алып қашу қазақта бұрыннан бар. Оған көз жұма қарауға болмас. Бірақ, қалай алып қашқан, не үшін алып қашқан.
Қазақ тарихына көз жіберсек бұған біраз мысал табуға болады. Арыға бармай-ақ, «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» тағы басқа жыр-дастандардан көре аламыз. Бүгінге аңыз болып жеткен бұл ғашықтар бірін-бірі шын сүйген, Тәңірдің жазуымен тағдырлары түйіскен жастар.
Бірақ, қатал қоғамдық тәртіп, ру басшысының ығына бағынған жүйенің әсерінен бір-біріне қосыла алмай, амалсыз алысқа қашуға мәжбүр болады. Қарап отысаңыз, Кебек Еңлікті, Қалқаман Мамырды алып қашқан.
Ал, қазіргі кезге оралайық. Өзіміз ес білгелі, қазақ даласының шығыс өңірінде «қыз алып қашу» оқиғаларына куә болдық, естідік. Онда да амалсыздан. Ең әуелі, екі жас бір-бірімен танысып, табысып алады. Алайда, қыз жақтың ата-анасы рұқсат бермей қойған соң ғана, сондай қадамға еріксіз барған қыз-жігіттерді түсінуге болады.
Ал, еліміздің оңтүстік жағында да қыз алып қашу бар екен. Бір қызығы, танымайтын, өзі бұрын сөйлесіп, жүздесіп көрмеген қызды алып қашып кетеді екен. Көшеден көріп, сыртынан байқап, түрі ұнаса болды, тарпа бассалып, үйіне алып барады. Апырау, бұл – қыз алып қашу емес, адам бұлау, адам ұрлау дейтін қылмыстық әреткетің нақ өзі емес пе?!
Атам қазақтың салтында қызға қырық жігіт сөз салады, бұйырған бірі алады. Екі жас сөз байласқан соң, ата дәстүрімен құдалық айттырып, үкісін тағып, сырғасын салып, тойын жасап, отауын көтереді. Ал, танымайтын қызды алып қашпақ түгілі, артық сөз айтпаған ғой. Байқасақ, біз қыз алып қашу дегенді мүлде басқаша түсінеді екенбіз. Біреудің үкілеп, аялап отырған қызын зорлықты күшпен алып қашып, оны үйіне кіргізген соң, табалдырыққа бір кемпірді жатқызып жолын тостыру қайдан шыққан салт? Ол қыз алып қашып барған адамымен дұрыс өмір кеше алса жақсы, екеуінің көңілі жараспаса, сезімі табыспаса өмірі өкісіп, берекесі бұзылып, ертең-ақ шаңырағы шайқалмай ма?! Сөйтіп, тағы бір қазақтың қызының жүрегі жараланып, өмірі ойран, тағдыры тас-талқан болады. Ертең ол «қайтып келген қыз, ажырасқан қатын» атын арқалап, ары қарайғы тағдырында өміріне қара күйе жағылып өтеді.
Сондықтан, танымайтын қызды алып қашу деген ол қазақ салтында болмаған. Ол – зорлық, жабайылық. Шындап келгенде, қылмыс. Бұндай әрекетті өзіне сенімсіз, қыздан салымы жоқ, жүрегінде сезім, махаббат жоқ ездер ғана істейді. Ал, еркектер жақсы көрген қызына сөз салып, жүрегін жаулап, өзіне бағындырып, ғашық қылып алады. Сөйтіп, бақытты отбасын құрады.
Абат БАЙТАҚ
"The Qazaq Times"