Алматы маңындағы Қырғауылды ауылында онкология дертіне шалдыққан балаларға арналған жазғы лагерь жұмысын бастады. Аталған іс-шараны «Мен сенімен біргемін» даму және психологиялық қолдау орталығында оңалтудан өтіп жатқан онкология дерті бар балаларға арнап «Дені сау Азия» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Қазақстандағы балалар онкологиясының маңызды мәселелерін кешенді түрде шешуге жұмыс істейтін мекеме жобасы, диагноз қойылғаннан кейін қоршаған орта мен қоғамдық өмірден қол үзіп қалатын балаларды әлеуметтік бейімдеу, олардың жазғы демалысын көңілді ұйымдастыру, балалар мен ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетуді мақсат тұтады.
Демеушілердің қолдауымен құрылған лагерьде ойын алаңы, жүзу бассейні, оқу бөлмесі, спорт кешені, сурет бөлмесі, ата-аналарға арналған бұрыштар, тіпті діни құлшылық орындары да қарастырылған. Мұнда онкология сырқатына шалдыққан балалармен жұмыс істеуден ондаған жылдық тәжірибесі бар мамандар жасөспірімдердің демалысын ұйымдастыруда ертегі, құм, арт-терапиясы сынды заманауи әдістемелерді қолданады. Лагерь аясында сондай-ақ мобилді жедел-жәрдем көлігі мен білікті дәрігер мамандар қызмет етеді. Жаз мезгілінде балалар әрбір таңын йога және гимнастика сабақтарынан бастап, күндерін мұражайлар мен мәдени демалыс орындарына саяхатпен жалғастырады.
Онкология дертін қабылдау балалардың әлі қалыптасып үлгермеген психологиясына ауыр соғады. Аурухана қабырғасында айлап, жылдап уақыт өткізу, үздіксіз ем шараларын қабылдау, өзінде орын алып жатқан өзгерістерге бейімделу – жас жеткіншек үшін ең үлкен сынақтардың бірі. Ем қабылдау кезінде мектептен жылдап қалып қоятын балалардың сабақ үлгерімі нашарлап, достарынан ажырап қалатыны тағы бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін құрылған «Мен сенімен біргемін» даму және психологиялық қолдау орталығында балаларға әртүрлі тренингтер, ойындар және психолог мамандармен арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі. Ерікті түрде жиналған студент жастар балаларға мектеп бағдарламасындағы пәндер бойынша жіберіп алған сабақтарын меңгеруге, білімін жетілдіруге көмектеседі.
«Дені сау Азия» қоғамдық қорының негізін салушы психолог маман Нагима Плохих: «Онкология дертін жеңуде көп мамандар психологиялық фактордың ең үлкен рөл атқаратынын ескермейді. Өзін айналасына қажет сезінген, мейірім мен махаббатқа бөленген, үнемі көңілді жүрген баланың сырқатты жеңу ықтималдылығы аурухана төсегінде өлім сағатын тосып жатқан науқаспен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екендігімен ешкім таласа қоймас. Біздің мақсатымыз да – балаларға онкология дертімен күресте қолайлы, қолдау мен жылулыққа толы орта қалыптастырып беру», - дейді.
Осы орталыққа 2012 жылдан бері қызын әкеліп жүрген Шажанбаева Гүлім есімді ана, перзентінің өмірінде орын алған оң өзгерістермен былай бөлісті:
«Біз бұл орталық қызметімен «Алатау» шипажайында ем қабылдап жүрген кезден бері таныспыз. Ол қызымызда онкология дерті анықталған, бұл нендей ауру екендігінен мүлде хабарсыз, ары қарайғы әрекеттеріміз белгісіз болған ауыр сәт еді. Орталық қызметкерлері тек балалармен ғана емес, олардың ата-аналарына да сырқаттың мән-жайын түгел түсіндіріп, қандай ем-шараларына жүгіну керектігі жөнінде пайдалы кеңестер беріп, үлкен қолдау көрсетеді. Соңғы 5 жыл көлемінде психологиялық қолдау орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеу қызымның онкология дертін жеңуіне үлкен ықпал етті. Қазір 9-сыныпты тәмәмдаған Қымбат медицина қызметкері мамандығына оқуға түсуге дайындалып жүр. Болашақта өзі сияқты балаларға сырқатынан айығуға көмектесуді арман етеді».
Жалпы ұзақтығы 5 маусымға созылады деп жоспарланған жазғы лагерьге әр ауысымда 20 күнге 20 баладан қабылданады. Атап өту керек, онкология дертіне шалдыққан балаларға арналған жазғы лагерь толықтай тегін түрде жұмыс істейді.