Астанада өз ісін ашып немесе бизнесін кеңейткісі келетін азаматтар үшін «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасының кезекті кезеңі басталды делінген Астана әкімдігі медиа орталығының хабарламасында.
Екі жыл бұрын астаналық әкімдікте шағын және орта бизнес субъектілері үшін «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы әзірленген болатын. Бағдарламаның мақсаты - қызмет көрсету саласының сапа деңгейін көтеру, көше саудасын заманауи форматқа келтіру.
Өз ісін енді бастап келе жатқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, соның бір айғағы ретінде көшеде сауда-саттық жүргізу үшін 7 жылға жалға алумен дайын дүкеншіктермен жабдықталған арнайы жер учаскелері бөлінген болатын. Екі жылдың қорытындысы бойынша жеке кәсіпкерлермен бірнеше мыңдаған келісімшарт жасалды. Осылайша Астана қаласының көшелеріндегі сауда-саттық жүйесі жаңа қарқын алды.
Бағдарламаның іске асуы арқасында заманауи форматқа сәйкес келетін көше саудасының нысандары күннен-күнге көбейіп келеді. Қоғамдық тамақтану орындары, балмұздақ сатылатын доңғалақты дүкеншіктер, түрлі гүл, кәдесый дүкендері мен нан және тоқаш, сондай-ақ көкөніс өнімдерінің дүкеншіктері қаланың сәулет келбетіне сәйкестендіріліп жасалды. Бұл дүкеншіктер мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылып отыр.