Өткен аптада ЭКСПО-2017 көрмесіне 205 561 адам келген.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Бейбіт Қарымсақовтың айтуынша, осы уақытқа дейін павильондарға адамдардың кіріп-шығу көрсеткіші 1 млн 57 мыңнан асып отыр.
«Бір қонағымыз бір күннің ішінде 5-6 павильонды көріп үлгереді. Біздің есебімізге сәйкес, осы уақытқа дейін көрмеге 26 мыңнан астам шетел азаматы келіп кетті. Ол барлық қонақтардың 13 пайызын құрап отыр», - деді Қарымсақов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Директордың ұсынған мәліметтеріне сәйкес, көрмеге келген 10 адам - 6 жасқа дейінгі балалар болса, мүгедектер мен ардагерлердің саны 2 мыңнан асты.
«14 мың адам ол - оқушылар, студенттер мен зейнеткерлер. Қазіргі динамикаға қарасақ, көрмеге келетін адамдардың саны күн сайын артып келеді. Мысалы, алғашқы күні 17 мың адам келсе, өткен жұмада 34 мыңнан астам адам келіп кетті», - деп атап көрсетті компанияның басқарушы директоры.
Негізгі жоспарға сәйкес, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне келіп кететін адамдардың саны 2-2,5 млн болуы керек. Ал павильондарды көріп кету көрсеткіші 5 млн-ға жетуі тиіс. Себебі бір адам, кем дегенде, екі рет келіп кетеді деген болжам бар.