Астанада ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халид Абдулазиз Аль Фалихпен арасында кездесу өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу Қазақстан және Сауд Арабиясы Мемлекет басшылары арасындағы Эр-Риядта 2016 жылдың 24-25 қазанындағы қол жеткізілген уағдаластықтар аясында болған.
"Кездесу барысында «Біріккен химиялық компания» ЖШС және «SABIC» компаниялары арасында екі жақты Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Көрсетілген құжат Қазақстандағы полиэтилен, полипропилен және метанол өндіру бойынша жобалардың іске асырылу мүмкіндіктерін зерделеуде негіз қалаушы болып табылады. Меморандумға «Біріккен химиялық компания» ЖШС-ның Басқарма төрағасы Жеңіс Өсербай және «SABIC» компаниясының Бас директоры Юсеф Аль-Беньян қол қойды.
"Меморандумға қол қою мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың жақсы үлгісі болып табылады. «SABIC» компаниясының тәжірибесі әлемдік үрдісті ескере отырып, мұнай-химия жобаларын іске асырудың тиімді моделін дайындауға көмектесетіндігіне сенім мол", - дейді Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Қ. Бозымбаев .
Көрсетілген жобаларды Атырау облысындағы мұнай-химия аймағында іске асыру жоспарлануда. Осы аумақта салықтық, кеден және басқа да жеңілдіктер көздейтін арнайы құқықтық режим қарастырылған.
Айта кетейік, "SABIC" (Saudi Basic Industries Corporation) – химия және металлургия өнеркәсібінде мамандандырылған жария акционерлік компаниясы. Әлемнің ірі мұнай-химия компанияларының бестігіне кіреді.