2017 жылдың 1 тоқсанының нәтижесі бойынша Қазақстандағы орташа жалақы 140,3 мың теңге болды. Бұл 2016 жылдың 1 тоқсанындағы көрсеткішке қарағанда 5,6%-ға жоғары екен. Сондай-ақ, ірі және орта кәсіпорындардағы қызметкерлердің жалақысы 155,4 мың теңгеге дейін өскен және бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6,6% жоғары, деп хабарлайды ranking.kz.
Агенттіктің мәліметінше, осы жылдың 1 тоқсанында ірі компаниялардағы қызметкерлердің жалақысы Қазақстандағы орташа жалақыдан 10,8%-ға жоғары болған. Салыстырсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 9,8%-ды құрапты.
Өңірлердегі жалақы деңгейіне келер болсақ, ең жоғарқы еңбекақы мұнайлы аймақта. Мысалы Атырау облысында 256,2 мың теңге. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда -0,4%-ға кеміген. Ал Маңғыстау облысындағы еңбекақы 247,3 мың теңгені құрап, +0,4%-ға көтерілген. Астанадағы жалақы деңгейі - 203,5 мың теңге және бір жылда +7,6%-ға өскен.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында орта және ірі компания қызметкерлерінің жалақысы орташа айлық жалақымен салыстырғанда қарқынды ұлғайған. Мысалы компаниялар өздерінің қоластындағыларға өңірдегі орташа номиналды жалақы деңгейінен 18,7%-ға артық төлеген. Мұндай үрдіс Маңғыстау (14,7%) және Атырау облысында да (14,4%) байқалады.