Қазақстанның туризміне сұраныс артып келеді. Осы жылы елге шамамен 100 мың шетелдік келуі мүмкін деген болжам бар, деп хабарлайды LS.
"Қазтур" агенттігінің директоры Алтай Омаровтың сөзінше, туристер санының мұндай көп болуы бірінші кезекте ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өтуімен байланысты. "Әрбір турист орташа есеппен 400 доллар жұмсайды. ЭКСПО-ның өтуіне байланысты сыртқы туризм үшін келетіндер саны 5-6 есеге артады", - дейді ол.
Сондай-ақ, ол туристер үшін қызықты болатын жерлерді атады. "Көлсай көлі, Шарын шатқалдарында және басқа да жерлерде инфрақұрылым жақсы дамымағандықтан негізгі обьект Алматы мен Астана болып қалады, Шын мәнінде қалалар демалыс орны емес, бірақ мұнда экскурсияға арналған біркүндік маршруттар жүреді", - дейді Омаров.
Оның есептеуінше, Алматыдағы туристер күніне орта есеппен 50-70 доллар жұмсайды. 2016 жылмен салыстырғанда шығындар доллар эквивалентінде өсіп, теңгеде өзгеріссіз қалған.
"Қазтур" директорының сөзінше, курорттық аймақтардың ішінде жақсы дамығаны Алакөл мен Бурабай. Алайда мұндай сырт аймақтарға барудан аса пайда түсе қоймайды.
"Бұл жерлерге Астанадан немесе Алматыдан бару ұзақ уақытты алады. Оның үстіне ол жердегі баға ұсынылған қызметтер мен инфрақұрылым деңгейіне сәйкес емес. Біздің ойымызша, туристер Шымбұлақ немесе Лесная сказка сияқты орындарға барады", - дейді Омаров.