ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстандағы туристік қызметтердің бағасы неліктен қымбат екендігін түсіндірген болатын.

Министрдің айтуынша, 2020 жылға дейін туризмді дамыту тұжырымдамасы Қазақстанның туристік компаниялары тарабынан ұсыныстарды арттырып, олардың құнын төмендететін болады.

«Әрине, біздегі жоғары баға барлығының да ренішін тудырады. Ұсыныс көп болатын болса құны құлдырайды. Кең ауқымды әрекеттер орын алған кезде баға төмендеп, ұсыныстар барынша қолжетімді бола түседі», - деді «ЭКСПО-2017» медиа орталығында өткен баспасөз мәслихатынан кейін.

Министр Алакөлден гөрі Түркия немесе Біріккен Араб Әмірліктеріне барған біршама арзанға түсетіндігін мойындады.

Сейсенбі күні, 27 маусымда, сағат 10.00-де Үкімет үйінде осы мәселеге байланысты отырыс өтпек.

Күн тәртібінде – ҚР туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы, сондай-ақ транзит, логистика және жол бойындағы сервисті дамыту мәселелерін шешу, талқылау жоспарланған.

“The Qazaq Times”