Қазақстандағы клан аралық тартыс жайында осы уақытқа дейін сан рет айтылды, сан рет жазылды. Өтпелі кезеңде тұрған Қазақстан үшін бұл тақырып қанша айтылсада өз өзектілігін жоғалтпайтынын дәлелдеп келеді. Бізде бүгін осы тақырыпқа байланысты "Қазақстандағы кланаралық тартыс неге алып келуі мүмкін?" деген сұраққа жауап іздеп көрген едік.
25 жыл бойы бір адам басқарып келген Қазақстан, соңғы бес жылдан бері биліктің өтпелі кезеңінде тұрғаны белгілі. Осыған байланысты Ақорда маңындағы кланаралық тартыс жыл өткен сайын үдеп барады. Әр клан Назарбаевтан кейін билік басына келетін адамға жақын болу үшін барын салуда. Осы мақсатта бірін-бірі көрсету, аяқтан шалу, мүмкіндік болса темір торға тоғыту, басып-жаншу процесстерін жыл сайын көріп келеміз. Мысалы осыдан бірер жыл бұрын қазақ қоғамын шулатқан бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов бастаған Қарағанды кланының бір мезетте темір тордың ар жағынан бірақ шығуы немесе ҰҚК (КНБ) бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевтың қамауға алынуы. Ел басқару ісінде Қазақстанға тың серпіліс әкеледі делінген «Болашақ» түлектерінің бірі Қуандық Бишімбаевтың ақша жымқырды деп айыпталуы. Осының барлығы соңғы жылдары Ақорда маңында жүрген атқамінерлердің клан аралық қақтығыстарының бір ғана көрінісі.
Ал енді осы клан аралық тартыстың неге алып келуі мүмкін екендігіне жауап іздеп көрсек.
Бұл жайында саясаткер Әміржан Қосанов былай деп тарқатады: Кландар тартысының бар қаупін біз толық ұғына қойған жоқпыз! Ал шынтуайтына келгенде дәл осы нәрсеге Тәуелсіз мемлекетіміздің тағдыры байланысты боп отыр! Тәуелсіздік алған Қазақстан осы кландарға тәуелді боп қалған жоқ па?! Тіпті, билік үшін таласамыз деп елден айырылып қалуымыз мүмкін!
Бұл тартыс - жай тартыс емес. Мұның артында тек қана билік, қаржы, бизнес жатқан жоқ. Мұның артында постназарбаев кезеңінде кімнің айтқаны жүреді, қай клан басқаларына үстемдік етеді деген терең мәселе жатыр. Ертең кімді үлде мен бүлдеге орайды, ал кімді итжеккенге айдап жібереді деген басты проблема жатыр!
Сондықтан бәрі де болуы мүмкін. Жеме-жемге келгенде олар бір-бірінің артын ашудан бастап, азаматттық соғысқа дейін баруы мүмкін! Бір мысал. Кеше ғана өзбек басшысы Кәрімов комаға түсіп, не өлгенін, не тірі екенін ел білмей жатқанда, Батыстың беделді басылымдарында оның қыздарының шетелде қандай мүлкі бар екендігі туралы бірнеше мақала бұрқ ете қалды. Миллиондаған доллар тұратын виллалары мен пәтерлерінің фотолары жарқ ете қалды. Нәтижесінде оның отбасының мүшелері саясаттан шеттетіліп, бас биліктен айырылып қалды.
Ал Қазақстандағы клан аралық тартыстың жүріп жатқандығына байланысты «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дәурен Бабамұратов былай дейді: Қазақстанды кландық жүйе басқарып отыр дегенмен келісе алмаймын. Ел басқарып отырған азаматтар бізде әр алуан және әр өңірден. Бәлкім, ірілі-ұсақты көрінстері бар шығар, бірақ жалпы мемлекеттік деңгейде елді клан басқарып отыр дегенмен келіспеймін. Меніңше біздің билікте елдің болашағына деген идеологиялық көзқарастары әртүрлі топтар бар. Бірақ олар кландар емес, яғни толыққанды бір отбасы не болмаса бір ру өкілдерінен тұрмайды. Сол себепті, ру-руға бөлініп билікке талас уақытынан біз өтіп кеттік. Бүгінгі билікке ықпал ететін адамдардың бір-бірінен айырмашылығы елдің болашағына деген идеялық көзқарастарында. Алдағы уақытта Қазақ елінің болашағын айқындайтын үш көзқарас(бағыт), болмақ. Билікке ықпалы бар қаржы-өнеркәсіптік топтар солармен жұмыс істейді. Олар: 1) Батысшыл топ(демократтар). 2) Ресейшіл топ(бүгінгі статус-квоның толық сақталуын қалайды). 3) діншіл топ(қоғамдағы діннің рөлін өсіріп, елді өркениетті дамыған араб елдеріндегідей басқаруды қалайды).
Бірақ осы жерде бір заңды сауал туындайды. Егерде бұл клан аралық тартыс болмаса, онда неге тұтастай бір өңірдің атқамінерлері ғана темір тордың ар жағынан бірақ шығып жатыр? Әлде өзгесі «сүттен ақ, судан таза ма?». Соңғы жылдары биліктегі азаматтардың жемқорлыққа байланысты істерінің халық назарына жиі шығуының сыры не де?
Әміржан Қосанов, саясаткер: Мұның өзі кланаралық бәсеке барысында туындайтын қарама-қайшылықтар, мүдделер қақтығысы бейбіт түрде, өзара келісім арқылы шешімін таба алмай қалған кезде орын алатынын көріп отырмыз. Компроматтар соғысы баяғыда-ақ басталып кеткен. Және де уақыт өткен сайын ол одан әрі ушығып бара жатыр.
Бір-біріне қатысты компроматты елбасына өткізе алмаған олар, сол материалдарды өз БАҚ-на басып, «қоғамдық пікір осындай», - деп президентке көрсеткісі келетіні де рас.
Сонда кландар арасындағы компроматтар соғысын 25 жыл бойы еш нәрсеге мызғымаған Ақорда билігі басқара алмағандығы ма? Бұл елбасының өзі құрған құрылымға ие бола алмай қалғандығы емес пе?
Әміржан Қосанов, саясаткер: Ол да әбден мүмкін. Әрине, формальды түрде елбасы – қазіргі жүйедегі басты тұлға, басты режиссер.
Бірақ, шынын айту керек, оның жасы келген сайын оның одан жас айналасы «ертеңгі күніміз не болмақ?» деген сауал төңірегінде ойланары заңды. Сондықтан, президентке анттарын беріп жатса да, олар өз болашағын осы күннің өзінде қамдауда. Әрине, ол кландардың шетелде үйлері мен күйлері баяғыда-ақ әзір тұр. Жиған-терген ақшасына ол жақта да армансыз ғұмыр кешулеріне болады. Кез келген сәтте ұшақтарына отырып ап, Венаға не Лондонға зып ете түсулері түкке тұрмайды. Бірақ Қазақстандағы бас билік – олардың байлықтарының сақталып қалуының бірден-бір кепілі! Сондықтан да олар осы күресте жеңіліп қалса, бәрінен айрылып қалатынын біледі. Әрқайсысының құйрығына қоңырау байланып қойған.
Бір нәрсе анық: президент құрған жүйенің түп негізі – олигархизм. Ал аяққа тұрған кез келген олигарх күннің күнінде басты мәселе – билік туралы ойлана бастайды. Оның саяси диагнозын атам қазақ баяғыда-ақ тауып айтқан: «кедей бай болсам дейді, ал бай Құдай болсам дейді». Біз қазір осы қызықта қауіпті процестің куәсі болып отырмыз! Президенттің өзі құрған жүйеге өзі бақылау жасай алмай қалуының да бір себебі осы!
Қорыта келгенде егерде Қазақстанда кландар арасында осындай копромат жинау мен оны жариялау жалғаса беретін болса, онда алдағы уақытта қазақ жұртшылығы әлі талай лауазымды тұлғалардың шулы істеріне куә болатыны анық. Ал бұл клан аралық тартыс неге алып барады, екі, үш жылдан кейін қай шенді, қайда отырады ол уақыт еншісіндегі дүние.