Елімізде ғана емес, әлемде де дін мәселесіне деген қоғам назары арта түсуде. Дін мен мемлекет ара қатынасы турасында бізге тиянақты тұғырдың керек болатыны тағы бар. Төңірегімізде сенім қайшылығынан іргесі ыдырап жатқан елдерден сабақ ала отырып, қоғамдағы дінге деген таным мен ұстанымды айқындай түсуімізге тура келіп отыр. Осы аталған мәселелер төңірегінде философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Нағима Байтеновамен өткізген сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

Нағима Жаулыбайқызы, елімізде дін мәселесі барған сайын өзектілене түсуде. Ел іші-сыртында туылып жатқан істерге қарай отырып, зайырлы мемлекет ретінде дін туралы ұстанымымызды нақтылай түсуге тура келген секілді. Айталық, ұзақ болашақтан алып қарағанда Қазақстан үшін зайырлылықтың қандай үлгісі тиімді?

- Сұрақ өте орынды. Шынында да соңғы жылдары, нақтылы айтатын болсақ, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI ғасырдың басы діннің тек біздің елімізде ғана емес әлемдік деңгейдегі қоғамдық болмыстың барлық салаларына әсер ететін мықты геосаяси факторға айналып отырғаны ешбір күмән тудырмайды. Бүгінгі күні әлемде діннің өзінің дәстүрлі қызмет ету аймағынан тыс шығуы, оның қоғамның тек рухани өмірінің шешуші факторы ғана емес, ішкі және сыртқы  саясатқа, мемлекетті басқару ісіне, экономика мен қаржы салаларына белсенді түрде араласуы зайырлылық мәселесіне, дін мен мемлекеттің арақатынасы мәселесінде белгілі бір қиындықтар тудырып отырғаны және болашақта да жаңа мәселелердің туындауына талай себепші болатындығын болжауға болады. Орта ғасырда Европада діннің қоғамдағы ерекше рөліне байланысты, оның тоталитралық сипат алуына, мәдениет пен ғылымның, жалпы қоғамның еркін дамуына тежеуші күш ретінде болуы сол кездегі Европаны стагнациялық процестерге алып келуге себепші болды. Европада қалыптасқан бұл жағдай аяқтап келгенде діннің әлеуметтік қызметінің аумағын шектеуге, дін мен мемлекеттің арақатынасын реттеуге, яғни секуляризация процесінің орын алуына алып келді. Қазіргі постсекулярлы қоғамда секуляризация процесімен қатар десекуляризация процесі орын алуда, яғни, жоғарыда атап өткендей діндер жаңғырып қоғамның барлық дерлік салаларына әсері күшейіп отыр. Айта кету керек, бізде соңғы уақытқа дейін секуляризация процесін, жалпы зайырлықты біржақты түсініп келді, яғни көбінесе атеистік тұрғыдан, діннен бас тарту, дінді мүлде жою деген ұстанымға дейін барды. Негізі зайырлылық бұл ең алдымен батыстық құбылыс болғандықтан оны үлгі ретінде алып қарасақ, онда зайырлылықтың бірнеше түрі бар. Өте жалпы түрде алатын болсақ, кейбір елдерде бір дінді өзінің дәстүрлі діні ретінде заң жүзінде бекітіп оған басымдық берсе (мысалы, Ұлыбританияда), оны “конструктивті зайырлылық” деп атаса, басқа батыс елдерінде барлық діндерге бірдей құқық берілген (мысалы, АҚШ). СССР-дегі зайырлылықты атеистік деп, ал АҚШ-тағы зайырлық “индифферентті (немқұрайлы) зайырлылық деп анықталады. Біздің елімізде де зайырлылықты біржақты атеистік тұрғыдан түсінуден бас тартып, дін мен мемлекеттің арақатынасы көпсалалы болып келе жатқанын көруге болады.

Әрине, кез келген өзін зайырлы деп есептейтін мемлекет зайырлылықтың негізгі ұстанымына арқа сүйейді, яғни мемлекет пен дін бірінің ісіне бірі араласпайды. Бұл дегеніміз, мемлекеттің діннің ішкі істеріне, оның ілімдік, салт жоралар мәселесіне араласпайды, егер олардың қызметі қоғамдық, мемлекеттік заңдарға қайшы келмесе, дін де өзіне тиісті қызметі шеңберінен шықпауы керек, мемлекет ісіне араласпауы қажет. Зайырлылық дегеніміз дінді жою, құрту дегенді білдірмейді, оның өзіне тиісті қоғамдағы қызметі аумағынан тыс шықпау дегенді білдіреді. Қазақстан да зайырлылықтың негізгі принциптерін ұстана отырып біз үшін дәстүрлі болып табылатын діндердің рухани потенциалын, мүмкіндіктерін, яғни қоғамның рухани өмірін жетілдірудегі мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білу керек жолдарын ойластыру қажет.

 

– Қоғам дами келе елімізде діннен мүлде бейтарап зайырлылықтың үлгісі қалыптасуы мүмкін бе?

- Кезінде секуляризация парадигмасына байланысты қалыптасқан, кең тараған стереотиптердің бірі болашақта қоғамның, жалпы адамзат өркениетінің, мәдениет пен ғылымның дамуына байланысты дін біртіндеп өздігінен жойылады деген және дінге қараңғы, білімсіз адамдар барады деген көзқарастар кең етек жайған болатын. Соңғы жылдары болып жатқан түбегейлі өзгерістер бұл екі қағиданың да шындыққа ешбір жанаспайтынын көрсетті. Қазіргі кезеңде,  ХХI ғасырдың бастауында діндердің жаңғырып қоғамдық өмірдің барлық салаларына белсенді түрде араласып жатқанына куә болып отырмыз. Діндердің жаңғыруы мәселесіне келетін болсақ, қазіргі кезеңнің, яғни постсекулярлы қоғамның негізгі бір ерекшелігі – ол ең алдымен, жаңа діни ұйымдардың қаулап өсуімен, дәстүрлі діндерге қарағанда белсенділігімен сипатталатынына ерекше назар аударуды қажет етеді. Діндер жаңа тарихи жағдайларға бейімделіп, табиғаты, қоғамдағы әлеуметтік қызметі кейбір жағдайларда түбегейлі өзгерістерге ұшырағандығын, тіпті кейбір жағдайда біржақты дін деп анықтама беруге де белгілі бір қиындықтар туғызатынын байқауға болады. Мысалы, неопротестанттық бағыттағы және де басқа жаңа діни ұйымдардың қызметі көп жағдайда коммерциялық сипатта болса (Рон Хаббардтың “Байығың келсе секта құр” деген ұстанымын негізге алу, немесе АҚШ-та кең тараған “рынок религиозных услуг- діни қызмет көрсету нарығы”), исламистік ағымдардың қызметі негізінен саяси сипатта болады. Бүгінгі күні діннің жаңғыруы, оның қызметінің сан салалы болуы біздің елде діннен мүлде бейтарап зайырлылықтың үлгісі қалыптасуы мүмкін бе деген сұраққа біржақты жауап беру әрине қиын, дегенмен кезінде секуляризация ілімін негіздеген батыстық зерттеушілердің өзі бас тартып бүгінгі күні қоғамдағы діннің рөлінің артып жаңа сипатқа ие болғандығын мойындап отырғандығын да атап өту керек шығар. Біздің тарихта ондай кезеңді бастан өткізген болатынбыз, яғни діннен мүлде бейтарап зайырлылықтың үлгісі ол атеистік қоғам. Біз өте динамикалық, жылдам өзгерістер заманында өмір сүріп жатырмыз, болашақта зайырлылықтың жаңа бір түрлері қалыптасып жатса оған да таң қалмас едік.

 

– Дінтанушы тұрғысынан діннің қоғамды тәрбиелеудегі маңызы қаншалықты дер едіңіз?

- Дінтанушы әрі осы қоғамның азаматы ретінде айтар едім, біз әлі де болса, діннің мүмкіндіктерін, ең алдымен дәстүрлі діндердің, әрине мен ең алдымен біз үшін дәстүрлі болып табылатын исламдағы ханафи мазхабы туралы айтып отырмын, қоғамның рухани жағын жетілдіруде, қауымды, ең алдымен жастарды рухани, әдептілік тұрғысынан тәрбиелеуде толыққанды қолданыс тапты деп айта алмаймыз. Бұл мәселенің екінші жағы да бар, бүгінгі күні діндердің өзі де, ең алдымен, жаңа діни ұйымдар, өздерінің табиғатынан, өздеріне тиесілі қызметінен ауытқып мүлде басқа істермен шұғылданып жүргендеріне куә болып жүрміз, оның кейбір көріністерін жоғарыда атап өткен болатынбыз. Дін өзіне тиесілі мәселелермен шұғылданса, қоғам, мемлекет тарапынан қолдау табары сөзсіз, себебі қоғамның рухани өмірін қалыптастырып жетілдіруде діннің мүмкіншіліктері зор екендігіне ерекше көңіл бөліп оның потенциалын тиімді пайдалауға үйренуіміз қажет.

–  Жақынғы 30-40 жылда діннің адамзат қоғамындағы маңызы өзгерістерге ұшырауы мүмкін бе?

- Біз түбегейлі өзгерістер заманында, бір мыңжылдықтан екінші мыңжылдыққа, бір ғасырдан екінші ғасырға өту кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Бір мемлекеттер жойылып оның орнына жаңа мемлекеттер қалыптасып, қоғамдық өмірдің барлық салалары түбегейлі трансформацияларға ұшырап жатқандығын байқауға болады. Соның ішінде дінді ерекше атап өтуге болады. Бүгін әлемнің діни суреттемесі түбегейлі өзгерістерге ұшырап жатқандығын ерекше атап өту қажет. Ең алдымен жаңа діни ұйымдардың қаулап өсіп жатқандығын, алысқа бармай-ақ өз елімізде болып жатқан діни процесстердің күрделенуінен көруге болады. Осы тарихи жағдайда әлемдік дәстүрлі діндер өз позициясын нығайтып белсенділік көрсетпесе әлемдік дін болудан айрылып қалу қаупі бар.

Бүгінгі күні діндер арасында бәсекелестіктің артуына байланысты, өзінің қатарына ізбасарларды көптеп қосу ниетімен этникалық, мемлекеттік бірегейлікті мойындамай, оның шеңберінен шығуы байқалады. Жаңа діни ұйымдардың жүргізіп отырған осы саясатына байланысты олардың санының артып отырғандығын айтуға болады. Мысалы, кейбір деректерге қарағанда әлемде бүгін елуіншілдердің (христиандық қозғалыс) саны 150 млн. (елуіншілердің өздерінің пікірі бойынша харизматтармен қосқанда 500 млн.). Бүгін болып жатқан десекуляризация үрдістері де діннің жаңғыруы кең етек алып жатқанына, олардың қоғамдағы қызметінің ауқымының кеңейіп отырғандығына мысал бола алады. Соңғы жылдары дін саласындағы елеулі өзгеріс оның қазіргі заманның геосаяси факторына айналуы, әлемдегі болып жатқан қақтығыстардың көпшілігі діни факторды желеу етіп өз мақсаттарын іске асыруда кеңінен қолдануда. Осы және басқа да факторлар қазірдің өзінде діннің белсенді күшке айналып отырғандығын, оның тіпті әлемдік картаның өзгеруіне әсер етіп жатқандығын көріп отырмыз.

– Тәуелсіздіктен кейін зайырлылықтың мейлінше терең атеистік үлгісінен құтылып, дәстүрлі діни танымымызды қайта іздей бастадық. Дәстүрлі емес діни ағымдарда келіп жатты. Бір сөзбен айтқанда қоғам мүшелері жаппай дінге көңіл бөле бастады. Дегенмен, бүгінгі ұлттың дамуы ғылым-техниканы игеруіне тікелей байланысты. «Дін – ғылымның атасы» деген сөз тұрақты тіркеске айналып кеткенімен, жаппай дінге бет бұрудың ғылымды дамытуға кері әсері бола ма ?

- Расында да, бізде бір шеткі көзқарастан екінші қарама қарсы көзқарасқа өту заңдылығы орын алатыны анық. Советтік дәуірде жоғарыда атап өтілгендей, дінді жоққа шығарып, тіпті мүлде жоюға дейін барса, енді «Дін – ғылымның атасы» деу де онша орынды емес шығар. Себебі дін де, ғылым да өзіндік ерекше заңдылықтарға бағынатын қоғамдық құбылыс, әрқайсысының өзіндік қоғамдық өмірде алатын орны, атқаратын қызметі, әсер ету сферасы бар. Кезінде осы мәселеге байланысты әйгілі мұсылман философы ибн Рушд “Ақиқаттың екіжақтылығы” туралы ілімді негіздеп дін мен ғылымның арақатынасын шешіп берген болатын. Ибн Рушдтың пікірі бойынша, дін мен ғылым бір біріне қарама қайшы келмейді, әрқайсысы өз саласында ақиқат болып табылады. Әрине, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы ғылым мен техниканың дамуына тікелей байланысты. Бірақ қоғамның рухани дамуына жеткілікті көңіл бөлінбесе, онда жалаң ғылыми-техникалық жетістіктер қандай нәтижеге алып келу мүмкіндігін болжау қиын болмас. Кезінде Абай “Қара сөздерде” жазған болатын: «Ақылды жүрек қадағалап отыру керек, онсыз ақыл теріс нәтижелерге алып келуі мүмкін», – деп көрегендікпен ескерткен болатын. Ал қоғамның рухани жағының дамуына қоғамдық сананың басқа түрлерімен қатар бірден бір негіз болатын ол дін, әрине кез келген дін емес, ғасырлар бойы біздің төл мәдениетіміздің, салт-дәстүрлеріміздің қалыптасуына әсер еткен ислам, соның ішіндегі ханафи мазхабы. Сондықтан, мен ойлаймын, қоғамның дамуына ғылым мен техника да, дін де өзіндік үлес қоса алады, тек әрқайсысы өзіне тиісті аумағында қызмет істеп бір біріне тежеу болмаған жағдайда.

– Қазір әлемде тұтынушылары миллионнан асатын онға таяу дін бар екен. Бұлардың арасында танымдық қайшылықтар да, ортақтықтар да бар. Болашақ адамзат қоғамының дамуына ілесе барлық дін дүниетаным ретінде бірігуі мүмкін бе?

- Бүгін діндердің саны және оның құрамындағы адамдардың да саны өсіп отырғандығын жоғарыда айттық. Бірақ шынайы діндарлардың санын анықтау өте күрделі болып отыр. Себебі, бұрын   біржақты діндар және дінге сенбейтін, атеист деп анықтауға толығырақ мүмкіндік болатын. Қазір дінге толық кірген барлық діни ұстанымдарды бұлжытпай орындайтындар да, өзін діндар деп есептеп бірақ ешбір діни рәсімдерді орындамайтын немесе жартылай орындайтындар да өздерін сенімдегі адамдар деп есептейді. Діндарлық мәселесі, оның деңгейін анықтау күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Дегенмен, қалай болғанда да дәстүрлі діндермен қатар жаңа діни ұйымдардың қаулап өсіп жатқаны анық. Бұл діндердің ортақ негіздері бар, бірақ өзгешіліктері, тіпті қарама қайшылықтары басымырақ.

Адамзат тарихында біраз діндер барлық халықтарға ортақ дін болу ниетімен құрылғандығын білеміз, ондай талай талпыныстар болған. Әрине, болашақта бір ортақ діннің болуы туралы біржақты пікір айту қиын болар, дегенмен әртүрлі халықтар, мәдениеттер мен салт-дәстүрлер сақталған жағдайда барлығына ортақ дін қалыптасады деп айту қиын. Белгілі бір діннің қалыптасуына өте көптеген факторлар әсер ететіні анық, ол өмір сүрудің табиғи және әлеуметтік ортасы, ділі, мәдениеті, салт-дәстүрлері, ал бұның бәрі біртекті болуы мүмкін емес болғандықтан халықтардың діни сенімдері, дүниетанымы да өмір сүру ортасына байланысты болады.

– Дінтану – ғылымның маңызды бір саласы. Қазақстанда дәстүрлі және өзге діндерді зерттеу қай деңгейде ?

- Дінтануды Қазақстандағы өте жас ғылымдардың қатарына жатқызуға болады. Оның қалыптасқанына 20 жылдай болған шығар. Осы аз уақыт ішінде дінтану саласында біраз жетістіктерге жеттік деп айтуға негіз бар. Осы жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінде, Нұр-Мүбәрәк университетінде, Философия, саясаттану және дінтану институтында, Л.Гумилев атындағы ЕНУ мамандар дайындалып зерттеулер жүргізілді. Нақтылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің дінтану және мәдениеттану кафедрасында Қазақстандағы дәстүрлі діндер мен дәстүрден тыс діни ұйымдарға байланысты зерттеулер жүргізіліп, конференциялар ұйымдастырылып, монографиялар, оқу құралдары жарық көрді. Дегенмен, әлі де болса істелінетін жұмыстар, зерттеулер алдыда деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Естай Божан

“The Qazaq Times”