Алматы облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сәйкес, өңірде соңғы екі күннің ішінде із-тозсыз кеткен 22 адам табылды.
Олардың сегізі кәмілетке толмаған жасөспірімдер екен.
Жергілікті департамент өкілдерінің айтуынша, жоғалған жасөспірімдердің барлығы дерлік отбасында болған кикілжіңдерге байланысты үйлерінен қашып кеткен.
Алматы облысындағы Екпінді ауылының жоғарғы сынып оқушысы үйден қашып кетіп, екі күн өткенде көрші ауданнан табылса, ұқсас себептермен үйінен кеткен тағы бір мектеп оқушысы Тараздан табылып отыр.
Ал, бүгін түнде Талдықорған қаласынан табылған 12 жасар жасөспірім Кербұлақ ауданындағы үйінде болған жанжалдан кейін жоғалып кеткен екен.
Бұл тек соңғы екі күнде болған жағдайлар екенін ескерсек, ата-аналар мен балалардың арасындағы түсініспеушіліктің ушығуынан, балалардың үйден кетіп қалуы жиіліген. Бұл жергілікті бөлімше полицейлерінің жұмысын қиындатып қана қоймай, жасөспірімдердің өміріне де қауіп төндіретін жағдай.