Мемлекет басшысы Қарағанды облысы Шахан кентінде көп пәтерлі үйдің кіреберісі құлап, адам шығынына әкеп соқтырғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Қазақстан Президенті Қарағанды облысының әкіміне, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдарға зардап шеккен тұрғындардың бәріне жан-жақты көмек көрсету үшін тиісті шаралар қабылдап, төтенше оқиғаның себебін анықтау жөнінде тапсырма берді.

Еске сала кетсек, жаңа жылдың алғашқы күні, яғни 1 қаңтар сағат 22.40-та Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментіннің құтқару бөлімшелеріне Қарағанды облысы Шахтинск қаласының Шахан ауылында көп қабатты үйдің бір бөлігінің құлағаны туралы ақпарат келіп түскен еді.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен техникалары жіберілді.

Құтқарушылар 10 адамды эвакуациялап, 4 адамды құтқарды. Сондай-ақ, үйінділер арасынан 9 адамның мәйіті табылды. Оның ішінде үш ер адам, үш əйел адам, үш бала, олардың екеуі 2016 жылы жəне 2010 жылы туған. Сондай-ақ тірі қалған 32 жастағы ер адам шыққан.

Қазір Облыс әкімдігі мен тиісті органдар апаттың себебі мен шығынын анықтауда. Зардап шеккендерге көмек қаражат берілетін болды. Сондай-ақ, осы қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

"The Qazaq Times"