7 мамыр - Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні. Бұл тәуелсіз еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екенін білдіретін мереке. Ендеше егеменді еліміздің отын сөндірмей, қорғаныс жүйемізді бекем ұстап келе жатқан барлық Қазақстан азаматтарын төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Бұл күннің мереке ретінде аталып өтуіне 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасына қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы себеп болды. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алып, алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды.
Осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі штаб - жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабы бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді.
2001 жылдан Қазақстан Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс болып 4 әскери округке бөлінді. 2007 жылғы Әскери доктринада мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген жауаптылық аймақтарында әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі нақты дербестігін қамтамасыз ету және әскерлердің стратегиялық бағыттардағы жеткілікті топтастықтарын құру болып айқындалды.