Бүгін Бішкекте ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына қатысты. Бұл туралы Үкімет жетекшісінің ресми сайты хабарлайды.
Өз сөзінде Қазақстанның Премьер-Министрі Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы сауданы арттыру үшін өзара іс-қимылды нығайтуға, жаңа тиімді құралдарды қалыптастыруға ортақ күштерді шоғырландырудың маңыздылығын баса айтты.
«Осы қызметтегі маңызды бағыт - кедергілер мен шектеулерді жою болып табылады. Бұл жұмысты жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізген жөн», - деді ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев.
Одақтағы өзара іс-қимылды нығайтудың тағы бір элементі, ҚР Премьер-Министрінің пікірінше, мемлекеттеріміздің өндірушілері мен бизнесі үшін ең қолайлы жағдайларды жасау мәселесі болып табылады.
«ЕАЭО кәсіпкерлері ықпалдасудан, ортақ нарықтарды құрудан елеулі, жақсы нәтиже күтеді. Сол себепті де біз «ойынның ортақ ережелері» деп аталатын бірыңғай реттеуді жүзеге асыруға өзіміз келіскен салаларда бизнеске қажетті сапалы, тиімді әрі ауыртпалық түсірмейтін реттеу тәжірибесіне қол жеткізуіміз қажет», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев.
ЕҮАК отырысы барысында ЕАЭО-дағы интеграциялық үдерістерді одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа және өзара сауданы кеңейтуге, АӨК дамытуға және ауылшаруашылық машина құрастыруға ерекше көңіл бөлінді.
Отырыс қорытындысы бойынша өзара сауда мәселелеріне, интеграциялық әлеуетке ие экономика салаларына, сауда келіссөздері нәтижелеріне және басқаларына қатысты бірқатар бірлескен құжаттарға қол қойылды.
Сөйлеген сөздің толық мәтінін мына жерден оқыңыздар.
"The Qazaq Times"