Ұлттық банк  зейнетақы активтерін басқару бойынша шетелік компаниялардың біріне 150 млн доллар беруге дайындалып жатыр. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының төрағасы Нұрбүбі Наурызбаева мәлімдеді. 

Оның сөзінше, зейнетақы активтерін басқаруға қатысты қазіргі кезде заңнамаларда ешқандай өзгерістер қабылданбаған.

"Қазіргі кезде зейнетақы активтерін сол заңды белгіленген тәртіп бойынша Ұлттық банк басқарады. Ұлттық банк зейнетақы активтерінің біраз бөлігін шетелдік басқарушы компанияларына берді. Бұл Ұлттық банк пен біздің арамыздағы келісім  бойынша болған. Индекстік инвестиция дейміз, сондай жоспарлар бойынша бір компанияға 400 млн доллар көлемінде басқаруға берілді. Бұл қосымша басқару деп аталады", - деді ол.

Осылай деген төраға артынша шарт бойынша басқаруға 400 млн доллар беруге болатынын және қазіргі кезде 150 млн доллар беруге дайындалып жатқанын айтты.

Десек те 150 млн доллар қандай компанияның басқаруына берілетіні туралы әзірге белгісіз.  Себебі ол жөнінде алдағы уақытта Ұлттық банкпен нақтыланатын болады.

Бұдан бөлек Нұрбүбі Наурызбаева проблемалы банктердегі қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары қанша екенін атап өтті. Оның сөзінше, 49 млрд теңге Bank RBK шотында сақталған. Алайда ол қаражаттың қайтпай қалу қаупі жоқ.

"Delta bank пен Қазинвестбанкте зейнетақы активтері болған жоқ. Bank RBK-да сауықтыру бағдарламасы есебінен 49 млрд теңге зейнетақы активі бар. Алайда Ұлттық банк қабылдап жатқан сауықтыру бағдарламасынан кейін қаражаттың қайтарылмай қалу қаупін көріп тұрған жоқпыз", - деді ол.

Айта кетейік, соңғы уақытта аталған банкке қатысты қаржы мәселелері туындаған болатын. Себебі Bank RBK қызметін қолданушылар ақша шешіп алу мүмкін болмағаны және кейбір студенттер стипендияларын ала алмағандары туралы айтқан. Осы жағдайлардан кейін аталған банктің Ұлттық банктің сауықтыру бағдарламасына қатысатыны белгілі болды.

“The Qazaq Times”